Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Несие алуда шектеулер енгізілуі мүмкін

Несие алуда шектеулер енгізілуі мүмкін

Шамадан тыс несе алу проблемасын түбегейлі шешу үшін шектеулер енгізу қажет. Бұл пікірді Үкімет отырысында Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Премьердің пайымынша, микроқаржы ұйымдарының, әсіресе «жалақыға дейін» қарыз беретін мекемелердің шекті несиелеу мөлшерлемелерін, сомалары мен мерзімдерін қайта қарау қажет.

«Ұсынылып отырған барлық заңнамалық түзетулер пысықталып, жыл соңына дейін Парламентке енгізілуі тиіс. Бұл шаралар азаматтардың шамадан тыс қарыз алуын шектеуге және тұтыну кредиттерін беруде тәуекелдерді азайтуға ықпал етеді», деп түсіндірді Үкімет басшысы.

Әлихан Смайылов тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыру үшін Оқу-ағарту министрлігі оқу бағдарламалары шеңберінде қаржылық сауаттылық курстарын енгізу мәселесін пысықтауы керек деп есептейді.

«Ғылым министрлігі де бұл мәселелерді жоғары оқу орындарымен бірге қарауы тиіс. Кәмелетке толған жастар өздерінің қаржылық мүмкіндіктерін қалай дұрыс есептеу керектігін, кредитті қалай және қандай кредит алу керектігін нақты түсінуі керек. Мұндай тәжірибе көптеген елдерде бар», дейді ол.
31 қазан 2023 ж. 3 016 0