Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Декреттік төлем мен балаға берілетін жәрдемақы көлемі артты

Декреттік төлем мен балаға берілетін жәрдемақы көлемі артты

Осы жылдан бастап декреттік төлем мен бала тууға байланысты берілетін бір реттік және 1,5 жасқа дейін төленетін жәрдемақы көлемі артты. Төлемдердің өсуіне айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) артуы негіз болып отыр, деп жазады Egemen.kz.

2023 жылы 1 АЕК - 3 450 теңге болса, биыл бұл көрсеткіш - 3 692 теңге деп белгіленді.

Осыған байланысты ел азаматтарына берілетін бірқатар жәрдемақы мен төлем көлемі артты. Бұл қатарда декреттік төлемдер мен бала 1,5 жасқа жеткенге дейін төленетін мемлекеттік-әлеуметтік жәрдемақы да бар.

Жүкті ана босанған соң тағайындалатын жәрдемақының екі түрі бекітілген. Алғашқысы — сүйіншіпұл. Төлемнің аталған түрі бір рет қана беріледі. 2024 жылы 1 АЕК 3 692 теңгеге өсті. Соған сай, жәрдемақы жиыны да артты. Атап айтқанда, алғашқы үш балаға — 38 АЕК (140 296 теңге), төрт баладан бастап — 63 АЕК (232 596 теңге) көрсеткіш көлемінде төлем жасалады.

Ал екінші түрі — ананың табысынан айырылуына байланысты 1,5 жыл бойы төленетін жәрдемақы. Оның мөлшері жұмыс істеп декретке шыққан және бұл санатқа жатпайтын әр әйелде әр түрлі есептеледі. Жұмыс істемейтін әйелдерге мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақы тұрақты бекітілген.

Бірінші балаға — 5,76 АЕК (2024 жылы ай сайын 21 265 теңге);
Екінші балаға — 6,81 АЕК (2024 жылы ай сайын 25 142 теңге);
Үшінші балаға — 7,85 АЕК (2024 жылы ай сайын 28 982 теңге);
Төрт баладан әрі қарай — 8,90 АЕК (2024 жылы ай сайын 32 858 теңге)
Жұмыс істеп, декретке шыққан әйелдерге тағайындалатын жәрдемақының осы түрі оның кейінгі екі жылдағы табысына қарай есептеледі.

Фото: ашық дереккөз 
11 қаңтар 2024 ж. 2 253 0