Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚазАқпарат күнтізбесі

ҚазАқпарат күнтізбесі

2019 жылғы 1 қарашаға арналған күнтізбесін ұсынады деп хабарлайды inform.kz.
АТАУЛЫ КҮНДЕР
Халықаралық веган күні (World Vegan Day)
Ол етсіз тамақ жеушілер қауымдастығының 60 жылдық мерейтойына орай 1994 жылдан бастап атап өтіледі.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1992 жылы бұрынғы Түркістан әскери округінің 32-армия бөлімшелерінің базасында Қазақстанда тұңғыш армиялық корпусы құрылып, оның штабы Семейге орналастырылды. Кейіннен оның базасында Шығыс әскери округі құрылды. Ол 2003 жылғы 13 қарашада қазіргі «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы болып қайта құрылды.
1996 жылы Қазақстан Республикасының Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетінің «Қазақстан метрология институты» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны құрылды. Институт бірден-бір мемлекеттік ғылыми метрология орталығы деп танылды.
1997 жылы Ұланбатырда Қазақстанның Моңғолиядағы Елшілігінің ашылу салтанаты өтті.
2005 жылы Қарағандыда кеңестік кезеңнен кейінгі Азияда алғаш рет «Ашық Азия – ашық музей» І Орталық Азия музей фестивалі болды. Оған Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстанның 30-ға жуық музейі қатысты. Фестивальда музей саласындағы соны әзірлемелер көрсетілді, қатысушылар музей жүргізу тәжірибесіндегі заманауи әдістерді енгізу туралы ой бөлісті.
2010 жылы ұшқыш-ғарышкер, Қазақстанның Халық Қаһарманы, ҚР авиациясының генерал-лейтенанты, ҚР Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев Францияның жоғары наградасы – Құрметті легион орденімен марапатталды.
Қазғарыш басшысын Құрметті легионға қабылдау туралы шешімді Франция Президенті қабылдады, орден Парижде Қазақстан Президентінің Францияға ресми сапары кезінде табыс етілді.
2011 жылы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Вьетнам ұлттық университетінің құрметті докторы атағы берілді.
2011 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай номиналы 50 000 теңге алтын монета, номиналы 5 000 теңге және 500 теңге күміс монеталар, номиналы 50 теңге нейзильбер қорытпасынан соғылған монета шығарды.
Алтын монета: металл құрамы: Au 999/ 1000g, диаметрі: 100 мм, дайындау сапасы: proof. Таралымы: 100.
Күміс монеталар: номиналы: 5 000 теңге, металл құрамы: Ag 925/ 1000g, диаметрі: 100 мм, дайындау сапасы: proof, таралымы: 200; номиналы: 500 теңге, металл құрамы: Ag 925/ 31,1g, диаметрі: 38,61 мм, дайындау сапасы: proof, таралымы: 5 000.
Нейзильбер монетасының диаметрі: 31 мм, массасы: 11,17 г, металл құрамы: neusilber, таралымы: 50 000.
2012 жылы Таразда Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовқа ескерткіш тақта қойылды
2014 жылы 2014 жылғы қазан айының соңында Қазақстан Үкіметі БҰҰ Эболамен күресу жөніндегі миссияның қызметін қаржыландыру үшін БҰҰ Эбола вирусымен күресу жөніндегі ерікті көпәріптестік қорына қаражат бөлді. Бұл мақсатты қор үкіметтер мен басқа да әріптестердің күш-жігерін қолдау мен Батыс Африкада Эбола безгегінің таралуына байланысты мәселелерді шешуге арналған қажетті ерікті салымдарды біріктіру мақсатында құрылған.
2015 жылы Миланда «ЭКСПО-2015» көрмесінің жабылу салтанаты кезінде Милан Қазақстан өкілдеріне көрмені өткізу эстафетасын тапсырды.
2016 жылы Hollywood Boulevard Film Festival «Режиссура» аталымында 19 жастағы қазақстандық жігіттің фильмін үздік деп таныды. Айсұлтан Сейітовтің «Шакал» фильмі «Қысқа метр» санатының жеңімпазы болды.
2017 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Иордания Королі Абдалла ІІ Бен Әл-Хусейнге ядролық қаруға қарсы күрескені үшін сыйлығын берді. «Мен ядролық қаруға қарсы күресте ерекшеленгендерге арналған арнайы сыйлық бекіткен едім. Қазақстан нөмірі бірінші сыйлықты Сізге табыстау шешімін қабылдады және мен сәйкесінше жарлыққа қол қойдым. Бұл Сириядағы, Ирактағы соғыс жағдайында халықтарды жақындата түсетін бітімгершілік рөліңізді жалғастырудағы еңбегіңіздің мойындалуы. Сирия жөніндегі Астана процесінде де Сіздің еліңіз зор рөлге ие. Осыны ескере келе арнайы комиссия бұл сыйлықты Сізге табыстап отыр. Оны Сізге табыс ету мен үшін зор құрмет», - деді Иордания Королімен кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев.
2017 жылы ЮНЕСКО бас директоры Ирина Бокованың шешімімен Қазақстанның Алматы мегаполисі ЮНЕСКО Шығармашылық қалалары желісінің мүшелігіне қабылданды. Қазіргі кезде Желіде 72 елдің 180 қаласы бар.
ЮНЕСКО Шығармашылық қалалары желісі шығармашылыққа инвестиция салуға дайын қалалар арасында халықаралық ынтымақтастықты дамыту мақсатында құрылған.
01 қараша 2019 ж. 596 0