Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » 25 қазан. ҚазАқпарат күнтізбесі

25 қазан. ҚазАқпарат күнтізбесі

  inform.kz  АТАУЛЫ КҮНДЕР
Әйелдердің бейбітшілік үшін күресінің халықаралық күні
Әйелдердің халықаралық демократиялық федерациясының шешімімен қарусыздану апталығы (24-31 қазан) шеңберінде 1980 жылдан бастап атап өтіледі.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1894 жылы Қазақстан аумағында Покровская слобода (қазіргі РФ Саратов облысы Энгельс қаласы) - Орал тар табанды жол құрылысы аяқталғаннан кейін, бірінші темір жол магистралі ашылды. Бұл темір жолдың 130 шақырымы қазіргі Қазақстан аумағынан өтті. 4 жылдан кейін қазақ даласы арқылы өтетін 77 км Урбах - Астрахан тар табанды жолы іске қосылды.
1972 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің № 512 қаулысы негізінде Талдықорған педагогикалық институты құрылды. 1977 жылы 10 қазанда аталған білім ордасына қазақтың көрнекті ақыны, жазушы Ілияс Жансүгіровтің есімі берілді. 1994 жылы Талдықорған мемлекеттік университеті, ал 1999 жылы І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті болып қайта құрылды.
1990 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі «Қазақ КСР-інің Мемлекеттік егемендігі туралы» Декларацияны қабылдады.
1996 жылы Юрий Мельниченко Американың Атланта қаласында грек-рим күресі бойынша Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы қазақстандық олимпиада чемпионы атанды.
2000 жылы Астанада Президенттік мәдениет орталығы ашылды.
2010 жылы Бельгия Корольдігіне жасаған ресми сапарының аясында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Эгмонд Палас» корольдік сарай аумағындағы ядролық сынақ, экологиялық және техногендік апат құрбандарына арналып салынған ескерткішті ашты. Авторлық топтың жетекшісі, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Астана суретшілер кеңесінің төрағасы Қоңыр Мұхамедиев атап өткендей, ескерткіш қара және жасыл тастардан салынған. Қара тас атом бомбасының белгісі болса, жасыл түс - өмір белгісі.
Тасқа Қазақстан Республикасы Президентінің 1991 жылғы «Семей сынақ ядролық полигонын жабу туралы» Жарлығы қашалып жазылған. Бұдан басқа ескерткішке БҰҰ Бас Ассамблеясының 29 тамызды Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні деп жариялау туралы қарары қашалып жазылған. Ескерткіштің жоғары жағында халықтың бірлігі мен бейбітшілікке ұмтылысы көрініс тапқан. Ескерткіштің төменгі жағында өмірді бейнелейтін ағаш бұтағы «өскіні» бейнеленген.
2011 жылы Таразда орталық базардағы археологиялық қазба жұмыстары кезінде археологтар астанасы ежелгі Талас қаласы (Тараз) болған Түргеш қағанаты дәуірінің жеті мыс монетасын тапты.
2013 жылы Таразда қазақ тарихының белді тұлғаларының бірі - Төле бидің 350 жылдығына орай ескерткіш қойылды.
2018 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына мүше 197 мемлекеттің барлығы алғашқы медициналық-санитарлық көмек туралы Астана декларациясын бірауыздан қабылдады.
2018 жылы Қазақстан Республикасы мен Қырғызстан Республикасы арасындағы қазақ-қырғыз мемлекеттік шекарасын демаркациялау туралы келісім ратификацияланды, оның негізгі мақсаты Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы шекара сызығын халықаралық-құқықтық деңгейде бекіту болып табылады.
25 қазан 2019 ж. 1 017 0