Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » 23 қазан. ҚазАқпарат күнтізбесі

23 қазан. ҚазАқпарат күнтізбесі

2019 жылғы 23 қазанға арналған күнтізбесін ұсынады деп хабарлайды inform.kz
АТАУЛЫ КҮНДЕР
Халықаралық қар ілбісі күні
Ілбіс мекендейтін елдердің бастамасымен бекітілген. Алғаш рет 2014 жылғы 23 қазанда аталып өткен. 2013 жылғы 23 қазанда Бішкекте өткен Ілбісті сақтау жөніндегі І Бүкіләлемдік форумда Ілбісті сақтау туралы Бішкек декларациясы қабылданды. Оған ілбістің ареалы саналатын 12 ел: Ауғанстан, Бутан, Қытай, Үндістан, Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Непал, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан қол қойды.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1995 жылы ірі ақпараттық медиахолдинг «Хабар» Агенттігі» АҚ-ның тарихы басталды. Осы жылы Қазақ телевизиясының ақпараттық қызметінің негізінде заманауи жаңалық құрылымы құрылды. «Хабар» командасына жас, жігерлі журналистер жиналды. Бүгінгі таңда «Хабар» Агенттігі» АҚ - қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде хабар тарататын төрт арнаның тоғысқан орталығы. «Хабар» Агенттігі» АҚ-ның құрамына республикалық «Хабар» мен «Хабар 24»,«Kazakh TV», «ЕЛ АРНА» телеарналары кіреді. Қазақстан бойынша 99 % телекөрермен аудиториясын қамтиды.
2007 жылы Шешенстан астанасы Грозныйдың мэрі Муслим Хучиев қаладағы Бутырин көшесіне Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беру туралы өкім шығарды. Бұл екі халықтың туыстық қарым-қатынастарын дамытуға қомақты үлес қосқан Қазақстан басшысына көрсетілген зор құрмет болды.
2009 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ыстанбұлдағы Окан университетінің Құрметті докторы атанды. Окан университеті 1999 жылы құрылған болатын.
2013 жылы Шымкенттегі Оңтүстік-Қазақстан облысы тарихи-өлкетану музейінде қазақтың данышпан биі Төле бидің 350 жылдығына арналған көрме ашылды. Көрмеге Ұлы жүздің төбе биі Төле би тұсында ел басқарған тұлғалар туралы әңгімелейтін дереккөздер қойылды. Музейде тарихи ескерткіштердің фотогалереясы ашылып, сол дәуірдің қолданбалы өнер туындылары көрсетілді.
2013 жылы Әзербайжандағы «Тәхсіл» («Білім беру») баспасында Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Ұлттық Ғылым академиясының академигі, қазақтың көрнекті түркітанушы ғалымы, жазушы, филология ғылымдарының докторы, Күлтегін, Франц Кафка халықаралық сыйлықтарының иегері Немат Келімбетовтің «Оғлыма мәктүбләр» («Ұлыма хат») кітабы жарық көрді.
Отанынан алыста оқып жүрген ұлына жазған хат түріндегі шығармасында жазушы тарих, руханият, мораль, тәрбие туралы айтып, адам мінезінің қатпарлары туралы ой өрбітеді.
2015 жылы Бакуде өткен Авиация және әуе кеңістігін пайдалану бойынша мемлекетаралық кеңестің 35-ші сессиясының отырысында азаматтық авиация саласындағы барлық халықаралық және аймақтық серіктестермен ынтымақтасуға белсенділік танытқаны, сонымен қатар бұл саланың елде қарқынды дамып келе жатқаны үшін ҚР Сыртқы істер министрлігі «Азаматтық авиацияны дипломатиялық және халықаралық-құқықтық қолдауы үшін» марапатына ие болды, сондай-ақ халықаралық әуежайларды дамытуға қосқан үлесі үшін «Астана халықаралық әуежайы» АҚ да марапатталды.
2016 жылы Рио-де-Жанейрода Дүниежүзілік тау-кен конгресінің символы «Майшамды» және Конгресті өткізу құқығының эстафетасын Қазақстанға беру салтанаты болды. «Майшамды» Бразилия тау-кен өнеркәсібі қауымдастығының басшысы Хосе Фернандо Коура Қазақстанның Төтенше және Өкілетті Елшісі Қайрат Саржановқа тапсырды.
2017 жылы Жамбыл облысының тумасы Өмірәлі Нышан паратаэквондодан Лондонда өткен VII әлем чемпионатында екі дүркін әлем чемпионы болды. Сайысқа 57 елдің мүмкіндігі шектелген 270 спортшысы қатысты. Қазақстаннан Тараз, Атырау, Ақтөбе және Орал қалаларынан төрт спортшы барды.
2018 жылы Алматы қаласы Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының «Салауатты қалалар» халықаралық ұйымына қосылды. «Салауатты қалалар» жобасы ДДСҰ Еуропа өңірлік бюросының қолдауымен 20 жылдан бері іске асырылып келеді. Бүгінде 30-дан астам елдің осы жобаға қосылған қалалары, аудандары және елді мекендерінің жалпы саны мыңнан асады.
Алматы «Салауатты қала» жобасы іске асырылатын Қазақстандағы алғашқы қала болды. Жоба арқылы қалада тұрғындардың денсаулығы мен өмір сүру сапасын жақсартуға септігі тиетін жаңа технологиялар енгізіледі.
2018 жылы Грекияның Хакидики қаласында өткен шахматтан The World Youth Chess Championships-2018 атты жасөспірімдер арасында әлем чемпионатында Қазақстан спортшылары 4 марапатқа ие болды.
The World Youth Chess Championships – әлемдегі айтулы шахмат додаларының бірі. Оған жыл сайын әлемнің үздік ойыншылары жиналады. Осы чемпионатқа 79 елдің 651 шахматшысы қатысты, соның 8-і – гроссмейстер, 48-і – халықаралық шебер, 157-сі ФИДЕ шебері.
23 қазан 2019 ж. 836 0