Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » 1 қазан. ҚазАқпарат күнтізбесі

1 қазан. ҚазАқпарат күнтізбесі

Халықаралық қарттар күні
БҰҰ Бас Ассамблеясының 1990 жылғы 15 желтоқсандағы қарары негізінде жыл сайын атап өтіледі. Қазақстан Республикасының Конституциясында қарт адамдардың жалпы азаматтық және арнайы құқықтары мен мүдделері, оның ішінде жасы бойынша әлеуметтік қамсыздандыру кепілдіктері бекітілген. Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының жіктеуіне сәйкес, қарт адамдарға 60 пен 74 жас, кәрілерге 75-89 жас аралығындағылар, ал ұзақ жасаушыларға жасы 90-нан асқандар кіреді.
Халықаралық музыка күні
ЮНЕСКО-ның Халықаралық музыка кеңесінің шешімімен жыл сайын 1 қазанда атап өтіледі.
Дүниежүзілік вегетариандар күні
1977 жылы Солтүстікамерикалық вегетариандық қоғамдастық ұсынған. Кейін 1978 жылы мерекені енгізу идеясын Халықаралық вегетариандық одақ қолдады.
1718 жылы Семей қаласының іргетасы қаланды. Шекара және әскери-тірек базасы ретінде салынған Семей бекінісі дами келе Ресей, Орта Азия және Батыс Қытай арасындағы маңызды сауда пунктіне айналды. Семей қаласының негізі қаланғаннан бастап мұнда сауда жасау үшін жоңғар қалмақтары, бұқарлықтар, қоқандтықтар, ташкенттіктер келетін.
1854 жылғы 1 қазанда Семей облысының салтанатты ашылуы болды. Семей штаттан сырт қаладан бірден облыстық қалаға айналды. 1863 жылы қалада екі оқу орны, соның ішінде бір уездік училище және оның жанында қыздар мектебі, 2 шіркеу-приходтық училище, 14 казак және 9 жекеменшік татар мектебі болды. XIX ғ. аяғында XX ғ. басында ер балалар мен қыздардың классикалық гимназиялары, мұғалімдер семинариясы жұмыс істеді. Мұғалімдер семинариясында әлемдік мәдениеттің болашақ алыптары Мұхтар Әуезов пен Қаныш Сәтбаев білім алды. Ұлы орыс жазушысы Федор Михайлович Достоевский бес жылдан астам уақыт (1854-1859 жылдары) Семей қаласында тұрып, осында өзінің «Өлі үйден хаттар», «Ағайдың түсі», «Степанчиково селосы және оның мекендеушілері» атты өшпес туындыларын жазды. Осында Ф.Достоевский П.П. Семенов-Тянь-Шанскиймен, Шоқан Уәлиханов, Г. Потаниндермен кездесіп, сұхбаттасқан. Петербург университетінің студенті Е. П. Михаэлис, халықшылдар Н. Долгополов, С. Гросс, П. Лобановский, А. Леонтьев, Н. Коншин және басқалар айдау жазасын өтеген. Олар Семей қаласында зор ғылыми және мәдени-ағарту жұмысын жүргізді. Қазақтың ұлы ақын-ағартушысы Абай есімі Семей қаласымен тығыз байланысты.
1791 жылы Зыряновск ауылының негізі қаланды. 1937 жылы ауыл кентке ауыстырылды, 1941 жылы кент аудандық маңызы бар қалаға айналды, 1952 жылы облысқа қарайтын қалалар санатына енді, Ал, 2019 жылдан бастап бұл қала Алтай деп аталды.
1932 жылы Орал қаласында қазіргі М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті педагогикалық институт ретінде құрылды. Ол республиканың екінші педагогикалық ЖОО-сы аталды. Институтқа КСРО-ның ағарту ісі жөніндегі ұлттық комиссары М.Н.Покровскийдің есімі берілген, ал 1937 жылдан бастап ЖОО-ға А.С.Пушкин есімі берілді. Соғыстан кейінгі жылдары А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институты жыл сайын 18 мамандық бойынша 700-ден астам түлек даярлап шығарып отырған ірі ЖОО болды. 1996 жылдың мамыр айында Қазақстан Үкіметінің Қаулысымен А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институты А.С. Пушкин атындағы Батыс Қазақстан гуманитарлық университеті болып өзгертілді. 2000 жылдың 14 ақпанында Қазақстан Үкіметінің Қаулысымен Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті құрылған, ал 2003 жылы оған Махамбет Өтемісұлының есімі берілді.
1945 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен Самарқан елді мекені Қарағанды қаласы аймағынан шығарылып, атауы Теміртау қаласы болып өзгерді. Бастапқыда жиырма мың тұрғыны, бір ауруханасы, екі мектебі және жиырма мың шаршы метр тұрғын үйі болды. Сол жылдардан бастап қаладағы өнеркәсіптің дамуы қарқындап, одақтас республикалардың барлығынан адамдар келе бастады. 1950 жылдары тұрғындар саны екі есе өсті. Қазір Теміртау қаласында болат, электр және жылу энергиясы, сірке қышқылы, синтетикалық каучук, кокс, минералды тыңайтқыштар, цемент, т.б. өнімдер өндіріледі. Теміртау 1971 жылы Қазақстан қалаларының ең алды болып, халық шаруашылығын және ауыр индустрияны дамытудағы еңбектері үшін Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды. Бүгінгі таңда Теміртау - индустриялық Қарағанды қаласының сыңары, Қазақстан қара металлургиясының орталығы.
1998 жылы Астанада алғаш рет жас таланттардың «Шабыт» республикалық фестивалі өтті.
2009 жылы Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты «Сібір ашық университеті» білім беру және ғылыми мекемелер қауымдастығына қабылданды.
2011 жылы қазақстандық делегация Брюссельдегі Халықаралық студенттік спорт федерациясының штаб-пәтерінде 2017 жылғы Дүниежүзілік қысқы универсиаданы өткізуге өтінім кітабын ұсынды.
2013 жылы Астанада өткен «Жасыл көпір» серіктестік бағдарламасы бойынша халықаралық конференция мен «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің қорытындылары бойынша 8 мемлекет - Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Беларусь, Моңғолия, Грузия, Германия және Черногория «Жасыл көпір» серіктестік бағдарламасы аясындағы ынтымақтастық туралы Хартияға қол қойды.
2015 жылы ТҮРКСОЙ Бас хатшылығы Бурса қаласының мэриясымен ынтымақтастықта «Түркі әлемінің мәдени мұралары және музейлері» Халықаралық форумының баяндамалар жинағын шығарды.
Жинақта Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Гагаузия (Молдова), Башқұртстан, Татарстан, Саха (Якутия), Тува, Хакасия, Қырым, Тәжікстан музейлері туралы құнды деректер қамтылды.
2015 жылы MEGA Park СОСО алдында орналасқан Алматыдағы Жұлдыздар аллеясында Александр Винокуровтың жұлдызы «жанды». Жұлдызды танымал мүсінші Нұркен Дәукенов жасаған. Ол Илья Ильинның жұлдызынан 1 метр қашықтықта орналасқан.
2016 жылы Клагенфурт қаласында Қазақстан Республикасының Құрметті консулдығы ашылды, оның қызметі Каринтия федералды жеріне таралады.
https://www.inform.kz/kz/1-kazan-kazakparat-kuntizbesi_a3570605
01 қазан 2019 ж. 929 0