Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » 29 тамыз. ҚазАқпарат күнтізбесі

29 тамыз. ҚазАқпарат күнтізбесі

Ядролық қарудан бас тартудың халықаралық күні
2009 жылғы 30 қазанда Қазақстан БҰҰ Бас Ассамблеясының Бірінші комитетіне 29 тамызды Бүкіләлемдік ядролық қарудан бас тарту күні деп жариялауды ұсынды. Қазақстан ұсынған қарардың бірлескен авторлары 26 мемлекет болды, оның ішінде Армения, Беларусь, Бразилия, Катар, Қырғызстан, Моңғолия, Біріккен Араб Әмірліктері, Тәжікстан, Түрікменстан, Жапония және басқа елдер бар.
Семей ядролық полигонының жабылған күні
ҚР Президентінің 1991 жылғы 29 тамыздағы Жарлығымен Семей ядролық полигоны жабылды.
1720 жылы Өскемен қаласының негізі қаланды. Өскемен қаласы І Петр патшалық құрып тұрғанда қамал-бекініс ретінде салынған еді. 1868 жылы Өскеменге қала мәртебесі берілді. Қалада сауда, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін өндіріс орындары дами бастады, айлақ құрылысы басталды. Кейіннен жеңіл өнеркәсіп, теміржол құрылысы салына бастады. Соғыс жылдары ауыр өнеркәсіп дамыды.
Өскемен Қазақстанның шығыс бөлігінде Ертіс пен Үлбі өзендерінің сағасында орналасқан; көлемі 54,4 мың га жерді алып жатыр. Аймақ экономикасының жетекші салалары - түсті металдар өндіру, машина жасау.
Тарихшылар мен қоғам өкілдерінің бір тобы археологиялық зерттеулерді негізге ала отырып, қаланың тарихын 1000 жылмен өлшеп отыр.
1949 жылы Семей полигонында Совет Одағындағы тұңғыш ядролық қару сынақтан өткізілді.
1991 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы» Жарлыққа қол қойды. Полигон жабылғаннан кейін ондағы барлық нысандар және үш ядролық реактор Қазақстан Республикасының меншігіне өтті.
2001 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түркияның экс-президенті Сүлейман Демирелге Қазақстан мен Түркия қарым-қатынасын дамытудағы сіңірген еңбегі үшін бірінші дәрежелі «Барыс» орденін табыс етті.
2002 жылы Нұрсұлтан Назарбаев «Бәйтерек» монументінің ашылу салтанатына қатысты. Ел еңсесiнiң биiктiгi «Бәйтерек» мұнарасымен бейнеленедi. Құрылысты тұрғызу идеясының авторы - еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев. Архитектуралық авторлар тобының жетекшісі - А.Рүстембеков. Қазақ аңыздары бойынша Бәйтерек - өмір мен өркендеудің символы. Құрылыс биіктігі - 97 метр. Бұл ұлы көштің жаңа астанаға ат басын тiреген жылын білдіреді. Жалпы бұл айбынды асқақ ғимарат-мұнараны салу барысында 2812 текше метр құйма темiрбетон, 999 тонна металл конструкциялары және прокаттары, 251 тонна өзектемiр арматура қолданылған. Төбесіндегі шардың диаметрі 22 метр. Мұнда демалушыларға арналған дәмхана, аквариум, т.б. қосалқы қызмет көрсететін бөлмелер бар.
2009 жылы Өскеменде Абай мен Пушкиннің ескерткіштері салтанатты түрде ашылды. Қазақ халқының ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлына ескерткіш Республика алаңында, ал Александр Сергеевич Пушкиннің ескерткіш мүсіні оның есімімен аталатын облыстық кітапхана ғимаратының алдында орнатылды.
2012 жылы Қырғызстанның Ош қаласында Қазақстан Республикасы консулдығының ресми ашылуы болды.
2012 жылы Тәуелсіздік сарайында өткен «Ядролық сынақтарға тыйым салудан - ядролық қарусыз әлемге» атты халықаралық конференцияда сөз сөйлеген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ғаламдық ядролық қаруға қарсы парламенттік ассамблея құруға шақырып, халықаралық «АТОМ» жобасы іске қосылатындығын мәлім етті. Жобаның атауы ағылшын тіліндегі: «Abolish Testing. Our Mission» төрт бас әріптен құралған. Яғни, «Сынақты Болдырмау - Біздің Миссиямыз» деген мағынаны білдіреді.
2012 жылы «Қазпочта» АҚ «Ядролық сынақтарға тыйым салудан - ядролық қарусыз әлемге» атты халықаралық конференцияға арналған пошта маркасын ұсынды. Маркада конференцияның эмблемасы, бейбітшілік пен жасампаздықты білдіретін, планетаны қауіп-қатерден қорғайтын ақ көгершін және қазақ тілінде мәтіндік композиция бейнеленген. Көркемдік белгі төрт түсті офсеттік әдіспен жасалған, перфорациясы тарақшаланған, белгіленген бағасы 50 теңге, өлшемі 28х40 мм, парақта 10 дана, марканың таралымы – 30 мың дана.
2013 жылы Женевадағы БҰҰ Ұлттар сарайында 145 адам сыятын «Қазақстан» көпбейінді залы салтанатты түрде ашылды. Жаңа технологиялармен жасақталған зал ілеспе аудармамен қамтамасыз етілетін ірі халықаралық форумдар өткізу, фильмдер көрсету, сондай-ақ мәдени шараларды ұйымдастыру үшін қолданылатын болады.
2013 жылы «Назарбаев орталығында» «Сақ көсемінің қорымы» жаңа бірегей залы ашылды.
2017 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Үлбі металлургия комбинатының негізінде жүргізілген телекөпірдің барысында Қазақстандағы МАГАТЭ Төмен байытылған уран банкін ашты. Елбасы ғимараттың символдық кілтін МАГАТЭ директоры Юкия Аманоға берді. 2018 жылы Астанада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Бейбітшілік қабырғасы» монументінің ашылу рәсімін өткізді. «Бейбітшілік қабырғасы» - Ақтөбе облысының елорданың 20 жылдығына арнаған тартуы. Ол Тәуелсіздік алаңында «Қазақ елі» монументінің жанында орналасқан. Авторларының айтуынша, Қазақстан Республикасы Президентінің антиядролық манифесінің идеясы жобаның негізіне айналған. Сондықтан нысанның 29 тамызда Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күнінде ашылуының символдық мәні бар.
https://www.inform.kz/kz/29-tamyz-kazakparat-kuntizbesi_a3558148
29 тамыз 2019 ж. 798 0