Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » 7 қазан. ҚазАқпарат күнтізбесі

7 қазан. ҚазАқпарат күнтізбесі

Халықаралық дәрігер күні
Жыл сайын қазан айының бірінші дүйсенбісі күні әлемнің көптеген елдерінде Халықаралық дәрігерлер күні атап өтіледі.
Аталмыш мейрамды ұйымдастыру бастамасын көтерген - Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы және «Шекарасыз дәрігерлер» халықаралық медициналық гуманитарлық ұйымы.
Бүкіләлемдік сәулет күні
Халықаралық сәулетшілер одағының (ХСО) бастамасымен тойланады. Бастапқыда ХСО-ның 1985 жылғы отырысында жыл сайын 1 шілде күні Бүкіләлемдік сәулет күнін тойлау туралы шешім шығарылған болатын. Ал 1996 жылы Халықаралық сәулетшілер одағының Барселонада өткен ХХ Бас Ассамблеясында Бүкіләлемдік сәулет күнін тойлауды қазанның бірінші дүйсенбісіне ауыстыру туралы қарар қабылданды.
Бүкіләлемдік Хабитат күні
Бұл күн «Елді мекендер жөніндегі комиссия» ұсынысына сәйкес, БҰҰ Бас Ассамблеясының 40-сессиясында бекітілген болатын.
Бүкіләлемдік Хабитат күні қазанның бірінші дүйсенбісінде, 1986 жылдан бері атап өтіледі. Оның басқа атауы - Халықаралық тұрғын үй күні.
Жыл сайын осы күні БҰҰ мен «БҰҰ-ның Елді мекендер жөніндегі бағдарламасы» әлем қалаларының бірінде ресми шаралар өткізеді.
Халықаралық үш тармақты жүйке невралгиясы күні
Үш тармақты жүйке невралгиясы – адам жанына қатты бататын аурулардың бірі. Халықаралық үш тармақты жүйке невралгиясы күні – осы ауру туралы көбірек ақпарат таратудың жақсы тәсілі. Ол туралы ақпарат тарату науқаны 2013 жылы басталды, оған TNnME (Үш тармақты жүйке невралгиясы және МЕН) ұйымының мұрындық болды.
1946 жылы Алматыдағы Қазақ опера және балет театрында «Біржан - Сара» операсының премьерасы қойылды. Операның авторы - М.Төлебаев, либреттосын Қ.Жұмалиев жазған. Алғашқы қойылымдағы Біржан бейнесін Ә.Үмбетбаев сомдаса, Сараны К.Байсейітова ойнады. «Біржан - Сара» - көп актілі лирикалық-драмалық опера. Оның негізіне XIX ғасырда өмір сүрген ақын, әнші-композитор Біржан сал мен Сара ақынның айтысы алынған. Операға 1949 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығы берілген.
1993 жылы ҚР Жоғарғы Кеңесі Президиумы Көкшетау қаласы және облысының орыс тіліндегі «Кокчетавская область» атауын «Кокшетауская область», ал «Кокчетав» атауын «Кокшетау» деп қолдану туралы Қаулы қабылдады.
Көкшетау қаласы Көшетау қыратының теріскейінде, Қопа көлінің жағасында орналасқан, бүгінде Қазақстан Республикасы Ақмола облысының әкімшілік орталығы.
1993 жылы Алматыда жазушы Ілияс Есенберлиннің мұражайы ашылды.
1997 жылы ҚР Үкіметінің №1419 Қаулысымен арнайы теле-, радиохабар тарату субъектісі ретінде «Қазтелерадио» Республикалық мемлекеттік қазыналық мекемесі құрылды, оның негізгі міндеті ретінде «телерадиобағдарламаларды және басқа телерадиохабарларды тарату» белгіленді.
1998 жылы «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен ҚР Конституциясына өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, Президент өкілеттігінің жаңа мерзімі бекітілді – 7 жыл. Жас шектеулері де өзгертілді: төменгі меже – қырық жастан кем емес, жоғары меже – шектелмеген.
1999 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен Қазақстан Республикасы Ұлттық мұрағат қоры туралы ереже бекітілді.
1999 жылы Берлин көшелерінің біріне қазақ ақыны Абай есімі берілді.
2005 жылы Еуразия ұлттық университетінде ірі түркітанушы ғалым, этнограф Лев Гумилевтің мұражай-кабинеті ашылды.
Мұнда Л.Гумилевтің бүкіл шығармалары топтастырылған. Олардың ішінде «Қазақ этносының шығу тарихы» қолжазбасы мен «Этногенез бен Жер биосферасы» атты докторлық диссертациясының түпнұсқасы да бар. Сондай-ақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еуразияшылдық идеясын қолдайтын бірқатар еңбектері қойылған. Кабинеттің ашылу рәсімінде ғалымның зайыбы Н.Гумилеваның жиені М. Новгородова еуразияшыл жанның өз туындыларын басқан «Continental» жазу машинкасын мұражайға тапсырды.
2009 жылы Астанада Швейцария Конфедерациясының Қазақстандағы елшілігі ашылды.
2011 жылы Монако князьдігінде ханзада Альбер-ІІ, Премьер-Министр Мишель Роже, сонымен қатар сыртқы саясат ведомствосының басшысы Жозе Бадиа мен өзге де министрлердің қатысуымен Қазақстан Республикасының Құрметті консулдығы ашылды.
2013 жылы Кишиневте өткен Тәуелсіз мемлекеттер достастығы мемлекеттік ақпарат агенттіктері басшылары кеңесінің XVII отырысында «ҚазАқпарат» «ТМД-ға 20 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталды. Награда ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ықпалдастығын дамытуға қосқан үлесі үшін берілді.
https://www.inform.kz/kz/7-kazan-kazakparat-kuntizbesi_a3572074
07 қазан 2019 ж. 903 0