Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Адамгершіліктің негізгі қағидалары қандай?

Адамгершіліктің негізгі қағидалары қандай?

Жер бетінде қанша адам болса, сонша түрлі мінез-құлық пен өздеріне ғана тән тұлғалық қасиеттер бар. Бұл бірінші кезекте адамның қандай отбасында тәрбиеленгенімен байланысты. Яғни қарсы алдыңызда тұрған адамның киім киісінен бастап, сөйлеу мәнерінен оның ата-анасының немесе тәрбиесіне араласқан жақындарының қандай адамдар екенін түсінуге болады.
     Рухани адамгершілік тәрбиесінде алдымен баланы тек жақсылыққа-қайырымдылық, мейірімділік, ізгілікке тәрбиелеп, соны мақсат тұтса, ұстаздың, ата-ананың да болашағы зор болмақ. «Мен үш қасиеттімді мақтан тұтам», – депті Ақан сері. Олар: жалған айтпадым, жақсылықты сатпадым һәм ешкімнен ештеңені қызғанбадым. Бұл үш қасиет әркімнің өз құдайы. «Өз құдайынан айырылған адам бос кеуде, өлгенмен тең» деген екен. Шындығында бұл ақиқат. Олай болса, жеке тұлғаны қалыптастыруда, олардың жан дүниесіне сезіммен қарап, әрбір іс-әрекетіне мақсат қоюға, жоспарлауға, оны орындауға, өзіне-өзі талап қоя білуге тәрбиелеу – адамгершілік тәрбиенің басты мақсаты. Мақсатқа жету үшін сан алуан кедергілер болуы мүмкін. Ондай қасиеттерді бала бойына жас кезінен бастап қалыптастырғанда ғана нағыз азаматқа лайық жеке тұлға болып қалыптасары сөзсіз. «Еліміздің күші – патшада, сәбидің күші – жылауында» демекші, біздің күшіміз, қорғанышымыз, сеніміміз адамгершілігімізде болуы керек. Ол үшін Ақанның осы үш қасиетін бала бойына дарыта білсек, ұлы жеңіс болары анық.
         Айналасындағыларды құрметтеу, кішілік мінез танытуды ізеттілік деп айта аламыз. Соның бір бөлшегіне амандасу жатады. Ал амандасу – бейбіт пейілдің, достық ықыластың белгісі, мінез-құлықтың нормасы. Әділ болу екінің біріне бұйыра бермейтін асыл қасиет. Себебі ол – нағыз адамшылықтың асыл белгісі. Әділетті қоғам адамдар имандылық қағидаларын қатаң сақтағанда ғана құрылады.  Сабырлылық адам бойына екі жолмен дариды екен. Бірі – туа біткеннен қалыптасады да, екіншісі адам өзін-өзі тәрбиелеу жолымен келеді. Сабырлылық адамның өз мінез-құлқына ие бола алатынын көрсетеді. Кешірімді болу, кек сақтану, сөйлесе білу, әділ болу, ізеттілік. Рұқсат сұрау, кешікпеу, амандасу, өсек айтпау, уәдеде тұру, имандылық, мейірімділік, сабырлылық, қайырымдылық тағы басқа қасиеттерді ерекше бағалағанымыз абзал.
         Әрине, көбінесе көтеріңкі көңіл-күймен жүретін, сізге барынша жақсылық ойлайтын адамдармен ғана араласқаныңыз жақсы. Бірақ, өкінішке орай, мұндай мүмкіндік бұйыра бермейді. "Досы барды жау алмайды" дейді ғой. Әйтсе де, досыңа бар сырыңды ақтарғаныңмен, уақыт өте келе сол сөзіңнің өзіңе оқ болып қайтып келуі әбден мүмкін. Осындай жағдайларды басыңнан өткергенде ғана "аһ" деп өкінуің әбден мүмкін. Ол үшін өзгенің сен жөнінде не ойлап тұрғанына мән берген абзал.  
Күнзипа Зденова
04 қараша 2019 ж. 5 371 0