Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бауырды үй жағдайында тазалау және қызметтерін қалпына келтіру жолдары

Бауырды үй жағдайында тазалау және қызметтерін қалпына келтіру жолдары

Организмнің дұрыс жұмыс істеуі үшін кез келген ағзаның алмастырғысыз рөлі бар. Алайда адамдар жүрек немесе өкпенің саулығының маңыздылығын есте ұстағанымен, ас қорыту жүйесі ағзаларын жиі ойлай бермейді. stan.kz организмдегі маңызды ағзалардың бірі бауырдың саулығын қалай сақтау керегін жазады.

Бауырыңыз токсиндерден «тазалауға» мұқтаж ба?

Бауырды организмге қауіпті заттарды залалсыздандыратын сүзгімен салыстыруға болады: 
  • алкогольден; 
  • зат алмасу өнімдерінен (билирубин, аммиак);
  • дәрі-дәрмек, тағамдық қоспалар, химиялық қосылыстар және т.б.
Сау организмде бауыр үнемі әрі тиімді түрде «тазаланып» отырады. Бауыр өт бөліп шығарады. Өз кезегінде өт ас қорытуға қатысып, онымен бірге бауырдан қажетсіз заттар шығарылады. 
Статистика: 
  • Бауырдан бір минутта 1,5 литр қан өтеді;
  • Қанның 70 пайызы ішек пен құрсақ қуысынан өтеді;
  • Күн сайын 600 мл өт бөліп шығарылады.
Токсиндер мен зат алмасу өнімдері жиналып қалған жағдайда, бауыр жасушаларын тікелей немесе қабыну арқылы зақымдауы мүмкін. Жасушалардың қабынып, зақымдалуы салдарынан ағзадағы фиброз аталатын дәнекер тін белсенді түрде көбейеді. Дәнекер тін бауырдың сау жасушаларын алмастырып, оның қызметін атқару қабілетін төмендетеді. Бұл жағдай асқынып кетсе, цирроз пайда болады. Дәл осы себепті  бауырдың қабынуын тоқтатып, фиброздың дамуына жеткізбеу өте маңызды. 
Бауыр өте төзімді және пайда болған проблемаларға қарамастан, ұзақ уақыт жұміс істей алады. Бауыр өзіне түскен күшті еңсере алмағанда қандай белгілер пайда болуы мүмкін?
  • Оң жақ қабырға астының ауруы;
  • бастапқыда көздің ағы сарғайып, артынша тері де сарғая бастайды;
  • зәрдің түсі қошқылданып, үлкен дәрет ашық түсті болады;
  • дене қышиды;
  • адам ісінеді;
  • дененің жоғарғы бөлігінде қан тамырлары «жұлдызшалары» пайда болады;
  • қансырау; 
  • шаршаңқылық, енжарлық, есте сақтау қабілетінің бұзылуы;
  • қолдың дірілдеп, жазудың өзгеруі.
Аталған белгілер бауыр аурулары кезінде ғана кездеспейді. Нақты себебін анықтау үшін, дәрігерге қаралған дұрыс. Алайда көбі ем-домсыз сауығып, бауырды өздігінен қалау тазалауға болатынын білгісі келеді. 

Бауырды үй жағдайында тазалау мүмкін бе?

Денсаулықты үй жағдайында қолдау әдістері туралы көп оқуға болады. Алайда мұндай процедуралар мен «дәрілердің» көбінің тиімділігі мен қауіпсіздігі дәлелденбеген. Сонымен қатар олардың жанама әсері бар. 
Абайлаңыз! Бауырды тазалауға арналған көптеген дәрі-дәрмек өттің бөлінуін арттырып, жақсартады. Ол өтте тас пайда болуына алып келуі немесе өттегі тасты өт жолдарына ығыстыруы мүмкін. Кей жағдайларда тасты тек ота арқылы алып тастауға тура келеді. 
Төменде аталған жағдайлар кезінде бауырды «тазалаудың» қажеті жоқ:
  • асқынған холецистит, панкреатит немесе гепатит;
  • созылмалы процестердің асқынуы;
  • өт қабында тастың болуы;
  • басқа да себептерге байланысты өт жүруінің бұзылуы (ісік; өт жолдарына ота жасалуы және т.б.);
  • жүктілік пен емізу.
Организмде қандай проблемалар бар екенін сыртқы белгілерге қарап білу әрқашан мүмкін бола бермейді. Организміңізге зиян жасамау үшін, терапевт немесе гастроэнтеролог дәрігермен кеңесіңіз. Дәрігер қажет болған жағдайда УДЗ, рентген немесе он екі елі ішекті зондпен тексеру сияқты қосымша зерттеулерге жібереді. 

Процедураға дайындаламыз

Бауыр және өт шығару жолдарына УДЗ және рентгенография процедураларын жасар алдында диета сақтау керек. Оның мақсаты – ішекте газ пайда болуы салдарынан туындайтын кедергіні азайту. Процедурадан үш күн бұрын мына өнімдерді тұтынбаған жөн:
  • сүт өнімдері;
  • бұршақ, үрмебұршақ және бұршақ тұқымдастар;
  • шырышты қабықты тітіркендіретін көкөністер – шомыр, шалғам, пияз, сарымсақ;
  • тәттілер мен газды сусындар;
  • жаңа піскен нан мен құрамында ашықты бар нан өнімдері.
Сонымен қатар белсендірілген көмір (дененің 10 келі салмағына бір таблеткадан) немесе басқа да энтеросорбенттер қабылдауға болады. Процедура алдында аздаған мөлшерде су ішуге болады. Зерттеу аш қарынға жүргізіледі. 
Он екі елі ішекті зондпен тексеру кезінде зерттеу үшін өт үлгісі алынады. Бұл процедура тек дәрігердің тағайындауымен және бақылауымен жүргізіледі. Он екі елі ішекті зондпен тексеру үшін арнайы диетаның қажеті жоқ. 

Бауырды қалай тазалап, қызметтерін қалпына келтіру керек? 

Бауыр ауруы кезінде туындайтын проблемалардың дені зақымдалған бауыр шығарып үлгере алмайтын зат алмасу өнімдерімен байланысты. Сондықтан адамдар бауырды үй жағдайында тазалаудың әдістерін іздейді. Алайда оны тазалау оңай емес. Дәрілік заттар, үй жағдайында жасалатын процедуралар мен бауырды тазалауға арналған шөп тұнбаларының тиімділігі туралы нақты тұжырым жоқ. 
Бауырдың негізгі қызметтері оның жасушаларының, яғни гепатоциттердің жұмысымен байланысты. Олар дұрыс жұмыс істеуі үшін жақсы жағдай жасалуы тиіс. Яғни үйлестірілген тағамға мән беріп, зақымдайтын себептерден арылып, ішімдіктен бас тарту қажет. Егер гепатит вирусы себеп болса, инфекционист дәрігердің қадағалауымен вируспен күресу керек. Егер бауыр өт тұрып қалғандықтан зақымдалса, дәрігер тағайындаған өт айдайтын препараттар мен процедуралар көмектеседі. 

Бауырды қалпына келтіруге арналған дәрі-дәрмектер 

  • Гепатопротекторлар бауыр жасушаларын зақымдалудан сақтайды. Оларды кешенді ем-домға жиі қосады және алдын алу мақсатында пайдаланады. 
  • Альфа-жөке қышқылы. Көмірсулар мен холестерин алмасуын реттейді. Азот тотығының түзілуін басып, нәтижесінде гепатоциттерді улы заттармен зақымдалудан қорғайды. 
  • Глицирризин қышқылы. Антиоксиданттық әсері арқылы қабынуды азайтып, бауыр жасушаларын қорғайды. Интерферон өнімі мен иммунитет белсенділігін ынталандырып, қабынуға қарсы әсер береді. 
  • Адеметионин. Бауырдағы зат алмасу процестеріне, аминқышқылдардың түзілуіне қатысып, залалсыздандыруға және өт шығару жүйесіне өт қышқылын бөлуге көмектеседі.
  • Эссенциалды фосфолипидтер. Бауыр жасушалары қабығының құрамына кіреді. Олардың құрылымының сақталуына және қалпына келуіне көмектеседі. 
  • Урсодезоксихол қышқылы. Гепатоциттердің жарғақшаларын тұрақтандырып, улы өт қышқылдарының шығарылуын жылдамдатады. 
Өт айдайтын препараттар өттің бөлінуін арттырады немесе оның шығарылуын жақсартады.
  • Өт қышқылдары негізіндегі препараттар және олардың ферменттермен қосылысы («Аллохол», «Хологон», «Холензим», «Дехолин» және т.б.).
  • Синтетикалық заттар (гидроксиметилникотинамид, осалмид, цикловалон, гимекромон, фенипентол және т.б.).
  • Минералды тұздар (магний сульфаты немесе магнезия, каловар тұзы, минералды сулар).
  • Көп атомды спирттер (ксилит, маннитол, сорбитол).
Түйілуді басатын дәрілер өт шығару жолдарының бірыңғай салалы бұлшықеттеріне әсер етіп, өттің жүруін жақсартып, ауруды азайтады. Анағұрлым көбірек қолданылатын құралдар – папаверин, дротаверин.

Бауырды қалпына келтіруге арналған өсімдік негізіндегі препараттар мен шөптер

  • Шұбар алатікен ұрығының сығындысы. Құрамында бірнеше белсенді зат бар. Олардың негізгісі - силибинин. Бауыр жасушаларын улы заттар енуден сақтайды. Ақуыздың түзілуін ынталандырады.
  • Кәдімгі бөріқарақат, берберин бисульфаты. Өт түзілуін, өттің шығарылуын күшейтеді, бірыңғай салалы бұлшықеттерді босаңсытады. 
  • Құмдық салаубас. Өттің, асқазан сөлінің және асқазақ асты безі шығаратын сөлдің бөлінуін арттырады. Оған қоса бактериялармен күреседі.
  • Жүгерінің аналық аузы. Өт айдайтын және несеп айдайтын әсерге ие, құрамындағы К дәруменінің әсерінен қанның ұюын жақсартады. 
  • Итмұрын. Өттің түзілуін арттырады, өт жолдарының тонусын төмендетеді. 
  • Бөрікгүл. Өт айдайтын, несеп айдайтын және гепатопротекторлық әсері бар. 
  • Кәдімгі түймешетен. Өттің секрециясын арттырып, жабысқақтығын төмендетеді. Лямблияға қарсы әсер етеді.

Бауырды тазалауға арналған халық емі  

  • Лимон. Бауырды тазалауға арналған кеңестерде зәйтүн майымен қатар жиі айтылады. Алайда лимон шырынының бауырға әсерінің дәлелі жеткілікті емес. Егеуқұйрықтарға жүргізілген тәжірибеде лимон сығындысының бауырдың улы заттардан зақымдалуына оң әсері анықталған. Бұл лимонның құрамындағы антиоксиданттардың әрекетімен түсіндірілген. Олардың арқасында липидтердің асқын тотығуы және бос радикалдардың әрекеті төмендейді. 
  • Өсімдік майлары (зәйтүн, майсана және т.б.). Өсімдік майларының құрамында пайдалы май қышқылдары мен фосфолипидтер бар. Олардың артықшылығы да осы. Өттің бөлінуін ынталандыру үшін аздаған май жеткілікті. Бір уақытта 100 мл немесе одан да көп май ішу туралы кеңестер бар. Алайда оның маңызы жоқ және организміңізге зиянын тигізуі мүмкін. Себебі организм майды қорыту үшін, мұншама көп мөлшерде өт бөліп шығара алмайды. Нәтижесінде организмге артық май түсіп, іш өтеді.
  • Көкөніс шырындары. Мысалы, шомыр немесе шиік қызылшаның шырынын кейде өт айдайтын құралдар қатарына жатқызады. Бұл заттардың әсері аш ішектің шырышты қабатының тітіркенуіне негізделген. Алайда әсері майлардың әсеріне қарағанда төмен. Бұл әдісті гастрит, асқазан және ішек жарасы кезінде қолданбаған жөн.
  • Өт айдау немесе он екі елі ішекті зондпен тексеру. Үй жағдайында өттің жүруін ынталандыру үшін, жылу мен өт айдайтын заттардың қосындысын пайдаланады. Процедураны таңертең тамақтанғанға дейін жасайды. Қалаған өт айдайтын құралды (жылытылған минералды су, итмұрын тұнбасы және т.б.) ішеді. Мұнан кейін оң жақ қырымен жатып, тізені бүгіп, аздап ішке жақындату керек. Оң жақ қабырғаның астына сүлгімен оралған ыстық жылытқышты қою қажет. Температураның әсері өт шығару жолдарындағы түйілуді басуға көмектеседі. процедура 40 минуттан 2 сағатқа дейін жалғасады. Аталған процедураны асқынған аурулар және өт-тас ауруы кезінде жасауға болмайды. 

Бауырды қалпына келтіруге арналған диета

Диета сөзін естігенде, бірден қатаң шектеулерді еске аламыз. Алайда сау адам үшін бұл әдіс жарай бермейді. Бауырды қалпына келтіруге арналға ең жақсы әдіс – ақуыз, майлар мен көмірсулардың үлесі есептелген түрлі тағамды жеу және құнарлылығын бақылау. 
  • Ақуыздар, майлар және көмірсулардың байланысы. Бауыр қажет болған жағдайда глюкозаны аминқышқылдар мен майларға айналдыра алады. Егер диетада май немесе қант тым көп және ақуыз аз болса, немесе керісінше болған жағдайда, бұл бауыр жасушаларына артық күш түсіреді. Норма – кемінде 15 пайыз ақуыз, 30 пайыздан аспайтын мөлшердегі май. 60 пайызға дейінгі қуат күрделі көмірсулар арқылы түседі. 
  • Бөліп тамақтану. Өттің түзілуі тоқтаусыз жүріп жатады, ал ол әдетте тамақтанған кезде бөлінеді. Сондықтан аш жүруге болмайды. Тамақтану рационын 4-6 уақытқа бөлу керек. 
  • Майлардың құрамында өсімдік майлары, жаңғақтар көбірек болуы тиіс. Ал жануар негізіндегі майды азайтқан жөн. 
  • Ащы, қақталған тағамдарды, иісі өткір өнімдерді жеуге кеңес берілмейді. Әсіресе, бауыр, ұйқы безі, асқазан және ішектің қабынуымен байланысты аурулар кезінде. 
  • Ішімдіктен мүлдем бас тартқан дұрыс.
Бауырға байланысты проблемалар асқынған жағдайда тамақтану ережелері №5 немесе 5а диеталарына сәйкес анағұрлым қатаң болуы мүмкін. 
Ішімдіктен бас тарту, дұрыс тамақтану және денсаулығын күту бауырды қалпына келтірудің ең жақсы құралы бола алады және оның қызметін ұзақ сақтауға көмектеседі. 
Бауырды тазалауға көмектесетін көптеген әдіс-тәсіл бар. Алайда олардың қайсысын болмасын қолданбас бұрын дәрігермен кеңесу керегін естен шығармаңыз. Сонымен қатар мамандардың қандай да бір препараттарды пайдалануға қатысты кеңестеріне құлақ асқан жөн.

20 қараша 2019 ж. 14 489 0