Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бала шақтың естеліктері: «Тетрис», «Денди», «Антенна»

Бала шақтың естеліктері: «Тетрис», «Денди», «Антенна»

         Балалық кезең жайында сөз қозғалса, ойымызға көп нәрсе орала қалады. Бәрі де бала күнімізде көргендеріміз ғой. Үлкендер «сендер ХХ ғасырдың қазантүйнектерісіңдер» дейтін. Сол қазантүйнектер бүгінде тәуелсіздікпен бірге есейіп, орда бұзар отыз жасқа да кеп қалыппыз. Өткенге оралайық...
         Біздің бала күніміз кешегі тоқы­раудың соңғы кезеңдерімен тұс­па-тұс келді. Шындығында, біз жа­рық­ты уақытпен жағып, уақытпен өші­ретін, телефонсыз тыныстап, ауыл шаңын аспанға көтеретін кезең­де ойнап-күлдік, алаңсыз асыр сал­дық. Бүгінде соның бәрі ертегі. Әкеміз­дің «балам, далаға шығып, антенна­ны бұрап жіберші, каналды ауыс­тыршы» деп жұмсаған кездері есі­мізде қалды. Малды қолдап суарып, үйге суды тілерсегіміз майыса шелектеп тасыған кездеріміз де жадымызда. Үй көрмей ойнаған бала болсақ та, елгезектігіміз елге жағатын. Анамызға қолмен жуған кірлерді сығысып, әкемізге арқан есуге көмектесіп, әжеміздің киіз бас­қанын көзіміз көрді. Атамыздың бақ­шаның бабын келтіріп, мал шаруа­шы­лығымен қатар диқаншылық кәсіптің берекетін көрген шақтары әлі есімізде. Балалық кезіміз тар­шы­лық заманмен сәйкес келгенмен, көңілдің байлығы мол еді.         Әлі есімде, әжеміз «бүгін сен бала жақсы жұмыс істедің» деп қайнатқан қызыл шекерді көптеу қылып бөліп беретін. Тәттіге құмар баламыз ғой. Ол кезде қазіргідей балмұздақ, шоколад сынды небір таңдайға салса тіл үйірер дүниелер жоқтың қасы. Бәлкім, болған да шығар. Бірақ біз көрмедік. Ол кезде біз үшін бағалы болған тәттілердің қатарында ирис кәмпит, юпилер тұғын. Ата-ана­мыз соларды алып келсе, бір-бірі­міз­ді қызықтыра жейтінбіз. Дәмі таңдайы­мыз­дан кетпейтін.         Ауылдағы үйлерде сыртқы қорабы ағаш, арты ашық тұратын көне теледидар болды. Оны көбі білетін шығар. Біздің үйде де сондай теледидар бар тұғын. Арасында дұрыс көрсетпей қалатын. Кейде қызып болмай ма, экраны ашпай әлекке салатыны бар. «Қазақстан», «Хабар», «Ел арна» деген каналдар біз үшін сұранысқа ие еді. Кино дегенді тапжылмай жатып тамашалайтынбыз. Далада жел болып кетпесе екен деп іштей тілейміз. Жел болса, антенна қозғалып, үйдегі каналдың көрсету сапасы нашарлайтын. Бір күні әкеміздің ағасы ауылда алғашқы боп бір қойға жаңа теледидар алып келді. Өзінің үйінде оны қосатын антенна болмады ма, алдымен біздің шаңыраққа әкеліп қосты. Сығырайған мен бұлдырағанға көзі­міз үйренген біз үшін сол теледидар алтыннан да бағалы болды. Каналды тістеуікпен (плоскогубцы) алмастырып үйреніп қалған біз өзінің тетігімен бұрағанды қызықтайтынбыз.
         Бір мезгіл сабаққа барып келгеннен кейін түн жарымына дейін ойнау біз үшін үйреншікті әдет. Өзіміз бала болсақ та, машинаның немесе трактордың алдыңғы дөңгелегімен ойнайтынбыз. Оны тағы да ақ тер-көк тер болып итере жарысамыз. Жинала қалсақ асық атып, ләңгі тебеміз. Қыста шана итеріп, жазда ақ сымнан жасаған тракторды дырылдата ойнайтын кезіміз де есімізде қалыпты. Ауылға алғаш келген «тетрис», «денди» мен «сони» деген ойын түрлері де біздің балалық шағымыздың бір кезеңі еді. Кейін көрші ауылдан Бектай есімді жігіт келіп, үйді-үйді аралап түрлі жанрдағы киноларды бейнеаппарат арқылы қойып жүрді. Ондай кезде ауылдың барлық балалары сол үйде жиналатын. Құдды шағын кинотеатрға барғандай. Міне, біз осылай өстік.
         Қазір бәрі басқаша. Технология дәуірінің қарыштап дамып жат­қан заманына аяқ бастық. Бүгінгі ба­ла­лардың денесі емес, ойы жұмыс жа­сап жатыр. Біз кезінде шаршап-шалдығып ойнайтын ойындарды олар телефон арқылы ойнайды. Тіпті далаға шығарып әуре болмайсыз. Озық дәуірдің куәгерлері бүгінде сол көненің затын таңсық көреді. Өткен­де бір бейнежазба көргенмін. Біздің кезімізде қарапайым магни­тофон­ның кассетасын әкесі баласына бе­ріп, не екенін сұрап тұр. Әлгі бала он­дайды көрмеген. Аң-таң. «Скотч па?» деп таңдана тіл қатады. Қазіргі балалардың оны білмейтіні рас қой. Өйткені мұндай ескі дүниелер бүгінде жоқтың қасы, басы көрмелерге жол тартты. Қайран, қамсыз, аңғал ба­лалық шақ...         А. Бисенов
23 қараша 2019 ж. 906 0