Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мал жемейді: Киелі өсімдік саналатын адыраспанның пайдасы туралы не білеміз

Мал жемейді: Киелі өсімдік саналатын адыраспанның пайдасы туралы не білеміз

Ел арасында адыраспан өсімдігі туралы аңыз-әңгімелер өте көп. Қазақ халқы адыраспанды "қасиетті шөп" деп те атап кеткен. Осы орайда KAZ.NUR.KZ порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап аталға өсімдік туралы көпшілік біле бермейтін мәліметтерді ұсынады.
 Адыраспан – түйе табандар тұқымдасына жататын көп жылдық өсімдік. Оның сабы мен гүлінде у болады. Биіктігі – 30-80 см. Сасық иісті, дәрілік шөп тау беткейлерінде, жол бойында, жазық далаларда өседі.
Биология ғылымдарының кандидаты, палинолог Саида Нығметова "Адыраспан" деректі фильмінде бұл шөп осыдан екі мың жыл бұрын халық арасында кеңінен қолданыста болғанын жеткізді.
"Бұрынғы заманда адамдар табиғатпен тығыз байланыста болды. Олар шөптердің қасиетін жақсы білді. Адыраспан – Орталық Азияда жиі өсетін шөп. Улы болғандықтан мал жемейді. Адамдар "төрт түлік мұны неге жемейді?" деп оған назар аударса керек. Оның ерекше қасиетіне сенген", - дейді ғалым.
Басылым дерегінше, адыраспан ел арасында "белобок", "исрык", "бибик", "адыраспан", "испанд", "хазориспанд", "исирик", "хармаль" және тағы басқа атаулармен таныс.
Ол Орталық Азияда, Ресейдің Еуропа бөлігінің оңтүстігінде, Кавказда, оңтүстік Еуропада, Солтүтік Африкада, Таяу Шығыс пен Моңғолияда, Қытайда өседі.
Ғалымдардың зерттеуі
Аталған шөптің бұтағы, жапырағы мен гүлі емдік мақсатқа қолданылады. Атақты шығыс ғалымы, дәрігер Әбу Әли ибн Сина оны сегізкөз қабынған уақытта шаншуды басатын дәрі ретінде пайдаланған.
Санжар Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медицина академиясы жанындағы институттың ғылыми қызметкері Эльмира Капсалямова адыраспанның емдік қасиеттері ғылыми түрде дәлденгенін растады.
"Адыраспанның фармакологиялық қасиеті бар. Бактерияларға қарсы күресе алады. Мұның барлығы зерттеу барысында анықталды. Бұл бағытта көптеген магистрлік диссертация қорғалады деген үміттемін. Біз бұл өсімдікті ғылыми түрде енді ғана зерттей бастадық", - дейді доцент, фармацевтика ғылымдарының кандидаты.
Адыраспанның емдік қасиеттері
  1. Халық емшілері адыраспанды ревматизм, қышыма және басқа да тері ауруларын емдеуге пайдаланады.
  2. Оның шөбінен қайнатып жасалған тұнба суық тигенде, безгек ауруларына, нерв жүйесінің әлсіреуіне және ұстама ауруларына ем болып саналады.
  3. Адамдар оның шөбін жағып, түтінімен бас ауруын емдейді әрі жұқпалы сырқаты бар адам жатқан бөлмені залалсыздандырады.
  4. Адамдар ежелден адыраспанның ұрығын зығыр тұқымымен қосып демікпені емдеген.
  5. Емдік қасиеті бар өсімдікті қара немесе қызыл бұрышқа араластырып теңге қотырға (псориаз) жағады және несеп жүргізетін, тер шығаратын дәрі ретінде қолданады.
  6. Адыраспанды мыңжапырақ гүлдерімен, киікотымен, шөпшай гүлімен қосып қайнатып, онымен асқазан сөлінің азаюын, яғни гипоацид гастритін емдейді.
  7. Адыраспан шөбінің қайнатындысы мен тұнбасы ауруды басып, адамды тыныштандырады, сырқатты асқындырмауға, тер шығаруға көмектеседі.
  8. Оның тұнбасы суық тигенде қолданылады.
  9. Ал қайнатындысы ауыз қуысы мен тамаққа суық тигенде ауыз шаюға, басқа да шөптермен қосып аяқты жууға пайдалынады.
  10. Адыраспан сал ауруы мен Паркинсонді емдеуде қолданылады.
  11. Бұл шөптің құрамындағы пеганин (вазицин) демікпені емдеуде оң әсерін береді.
  12. Адыраспандағы дезоксипеганин гидрохлориді іш жүргізетін дәрі ретінде қолданылады.
  13. Одан бөлек, невралгия, миопия және басқа жүйке ауруларын емдеуге қолданылады.
  14. Шөптің құрамындағы пеганидин микробтарға қарсы күресуге мүмкіндік береді.
  15. Адыраспанды зерттеу барысында оның құрамында гармалин бар екені анықталған. Ол – антидепрессант. Дәрігерлер адыраспан жүрек қағысын тұрақтандырып, оның құрамындағы гармалиннің гидрохлориді туберкулез қоздырғыштарына қарсы тиімді күреседі дейді.
Еске сала кетсек, осыған дейін 500-ден астам шөптің түрімен қоректенетін, ешқандай ауруға шалдықпайтын ешкі сүтінің пайдасы туралы жазған болатынбыз.
23 қаңтар 2020 ж. 3 003 0