Тоқаев шейх Заид мешітінде БАӘ алғашқы президентінің рухына тағзым етті

Қасым-Жомарт Тоқаев шейх Заид мешітіндегі Құрметті қонақтар кітабына:
«Өз халқының ұлы перзенті, Әмірліктердің негізін қалаушы шейх Заид бен Сұлтан Әл Нахаянның рухына тағзым етемін. Бауырлас Әмірліктер халқының ырысы мол, берекесі баянды, мерейі лайым үстем болуына шын жүректен тілектеспін!», – деген қолтаңба қалдырдыСонымен қатар, Қазақстан президенті «Уахат әл-Карама» мемориалды кешеніне барды.
Қасым-Жомарт Тоқаев 1971 жылдан бері соғыста немесе қызмет бабында қаза болған сарбаздарға, құқық қорғау қызметкерлеріне, дипломаттар мен Біріккен Араб Әмірліктерінің азаматтарына арнап соғылған, атауы – «Намыс оазисі» деген мағына беретін кешенді аралап көрді. Құрбан болғандардың рухына тағзым етіп, гүл шоғын қойды.
Президент мемориал кешеніндегі Құрметті қонақтар қолтаңба қалдыратын кітапқа:
«Сын сағатында қаһармандық танытқан саңлақтар мемориалы болашақ ұрпаққа бейбіт өмірдің құндылығын дәріптейді. Өз Отанының мүддесі жолында қасиетті борышын өтеп, құрбан болған перзенттер рухына тағзым етемін. Бауырлас Әмірліктер халқына құт-береке мен мол ырыс тілеймін», – деген тілегін қалдырды.Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абу Дабидің тақ мұрагері, шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен келіссөз жүргізген болатын. Тараптар екіжақты қарым-қатынастарды жандандыруға, экономикалық серіктестікті кеңейтуге баса назар аударды.