Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Сыр медиа» серіктестігінде Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің филиалы ашылды

«Сыр медиа» серіктестігінде Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің филиалы ашылды

Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде облыстық «Сыр Медиа» ЖШС мен облыстық «Qyzylorda» телеарнасында университеттің қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының филиалдарын ашу жөніндегі екі жақты келісім жасалды.
Кездесуге «Qyzylorda» және «Қоғам ТВ» телеарналары, «Сыр Медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, республикалық «Егемен Қазақстан», «Айқын», аймақтық «Сыр бойы», «Кызылординские вести» газеттерінің басшылары, «Хабар», «24kz», «Қазақстан» Ұлттық арнасының Қызылорда облысындағы меншікті тілшілері және оқытушы-профессорлар қатысты.
Арадағы келісім университет студенттерінің өз мамандығы бойынша тәжірибе жинақтап, білімін жетілдіруге мол мүмкіндік береді. Алдағы уақытта білім алушылар белгілі журналистермен тығыз қарым-қатынас орнатып, сабақ алмақ.
 «Біздің басты бағытымыз – Сіздердің болашақ ізбасарларыңызды бәсекеге қабілетті маман етіп дайындауда біріге жұмыс жасау. Бұл өз кезегінде теориялық білім мен тәжірибенің ұштаса жүруін қажет етеді. Маман даярлау ісінде біз ең алдымен жұмыс берушілердің талап-тілегін басты назарға аламыз. Осы бағытта бүгінде бірлескен білім бағдарламаларын даярлап, жұмыс берушілердің сұранысына сай таңдау пәндерінің каталогын жасау жұмыстары жүйелі жүргізілуде», – деді Бейбіткүл Кәрімова.
Басқосуда университет тарапынан 2020-2021 оқу жылында қабылданатын түлектерге ректор және өндіріс орындары мен кәсіпкерлер тарапынан грант бөлінетіні айтылды. Сонымен қатар, аймақтағы еңбек ресурстарының балансына және мектеп бітірушілердің таңдауына жүргізілген талдау нәтижесінде өңірде орыс тілінде педагог мамандардың, оның ішінде физика, химия, биология, математика, орыс тілі, сондай-ақ ағылшын тілі ұстаздарының  жетіспеушілігі анықталды.
«Аймақтың сұранысын қанағаттандыру, қажетті кадрлармен қамтамасыз ету мақсатында сәуір айында оқу орны базасында мектеп бітірушілер арасында облыстық пәндік олимпиадалар өткізіледі. Жоғарыда аталған ректор және кәсіпкерлер тарапынан гранттардың басым бөлігі осы мамандықтарға берілетін болады. Бұл өңірдің талантты жастарына көрсетілетін үлкен қамқорлық, білім алуына жасалатын зор мүмкіндік болмақ», – деді университет ректоры.
Кездесу барысында «Qyzylorda» телеарнасының директоры  Жағыппар Қарабалаға және «Айқын» газетінің меншікті тілшісі Миуа Байназароваға бірлесіп атқарған жұмыстар нәтижесімен Қорқыт ата атындағы «Алтын медаль» табысталды. Сонымен қатар, Қорқыт ата атындағы ҚМУ ректорының «Құрмет грамотасы» «Сыр Медиа» ЖШС бас директоры Аманжол Оңғарбаев, «Егемен Қазақстан» газетінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі Мұрат Жетпісбаев, «Қазақстан» Ұлттық арнасының Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі Әділбек Жақанов, «24.kz» телеарнасының Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі Қамбар Бекенов, «Кызылординские вести» газетінің бас редакторы Қазыбек Ботаев, «Қоғам Тв» телеарнасының басқарушысы Тұрсынкүл Желдербаеваға табысталды. «Хабар» телеарнасының меншікті тілшісі Нұрлан Жақыпбеков пен «Сыр бойы» газетінің бас редакторы Қуат Шарабидинов «Үздік түлек» медальдарымен марапатталды.
12 наурыз 2020 ж. 1 008 0