Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Отандық тележүргізуші қазақстандықтарға несиеден құтылуға көмектеспек

Отандық тележүргізуші қазақстандықтарға несиеден құтылуға көмектеспек

Атышулы «Oybay show» жобасының жүргізушісі Мұхит Сапарбаев қазақстандықтардың қаржылай сауатын ашып, баюдың жолдарын көрсетуге уәде етті. Бұл туралы ол жаңа кітабында айтып бермек. Stan.kz тілшісі соңғы уақытта психологияға бет бұрып жүрген тележүргізушімен кездесіп, сұхбат алды. 


- Сіздің «Бақыт» кітабыңыз Қазақстандағы 2019 жылдың сатылымы ең жоғары кітаптардың қатарына енген екен. Аз уақыттың ішінде жақсы көрсеткішке жетудің сыры неде?
- Сырын білмеймін. Энергияға байланысты деп ойлаймын. Бәлкім, Алла Тағаланың қолдауы шығар. Бәрі Алланың қалауы емес пе. Бұлай деп отырған себебім, кітапты жарнамалауға ақша да, күш те салған емеспін. Инстаграм сияқты әлеуметтік желіде оқырмандары көп танымал достарымнан, таныстарымнан «кітабымды жарнамалап, мақтауын асырып беріңдерші» деп те сұрамадым.
Бір-ақ адамды айтар едім, мен үшін мынандай таңқаларлық жайт болды. Журналистика саласының жілігін шаққан, хас маман, бәрімізге үлгі Серік Абас-шах мырзаның «Әрбір қазақ оқысын бұл кітапты» деген жазбасын оқыған кезде, шынымды айтсам, бір марқайып қалдым. Мен үшін ең үлкен қолдау сол болды. Мойындаймын, маған біреулер күмәнмен қарады, яғни мен ол кісінің кітап жайлы жазбасын «сатып» алыппын-мыс. «Ол кісімен қалай келістің?» деп сұрағандар да болды. Шын сөзім, ол кісімен арамызда ешқандай келісім болған емес. Серік Абас-шах мырзаның оқырман ретінде берген бағасы солай болды. Әрине, қуандым, оным рас.
- Сіздің екінші кітабыңыз «Aqsha» деп аталады, неге ақша тақырыбын таңдадыңыз?
- Ешкімге жасырын емес, ақшаны бәріміз де ойлаймыз, жақсы көреміз. Елдегі әлеуметтік-тұрмысы төмен адамдар аз емес. Жұмыссыздық тағы бар. Аз айлыққа  қарап отырғандар қаншама! Солардың барлығы қазір ақшадан қатты қысылып жүр. Ақшаның жоқтығынан өздерін бақытсыз сезініп, іштей қиналып жүрген адамдар өте көп. Мен сол жандарды аз да болса қаржылай сауаттылыққа, ақшамен қарым-қатынасын реттеуге, ақшаны дұрыс жұмсауға үйреткім келеді.
Адам ағзасы үшін ауа, су, тамақ, ұйқы қаншалықты қажет болса, молшылықта өмір сүру үшін ақшаның қажеттілігі соншалықты. Ал кім молшылықта өмір сүруді қаламайды?
- Қазіргі кезде ақша тақырыбына жазылған кітап көп, "ақыл айтып" жүргендер көп. Кітабым өтпей қалады деп қорықпайсыз ба?
- Мен кітапбымды қазақтың табиғатына, мінезіне, дүниетамына жақын жазуға тырыстым. Кітап оқырманды, оқырман кітапты «жатырқамайды», бір-бірін тез қабылдайды. Екіншіден, кітабымда кез-келген оқырманды миллионер болуға алып баратын жолдар бар. Бұл кітаптың арқасында адамдар ақшамен қарым-қатынасындағы қателіктерді түсінеді. Әрине, мен бақыт, махаббат, ақша жайында кітап жазған алғашқы да, соңғы да автор емеспін. Бірақ, әр кітаптың өз оқырманы бар. Жалпы, кітап көптік етпейді ғой.
- Жаңа шығармаңызды сатып алған адамдарға тосын сыйым бар деген едіңіз. Ол қандай тосын сый?
- "Бұл – болашақ миллионердің кітабы" деп айтқанымдай, кітабымды сатып алған жандардың арасынан миллионер шығаруды жөн санадым. 5 адамға 1000 000 теңгеден 5 000 000 теңге берсем деймін. Біреулер онымен несиесін жабар, біреулер қарыздарынан құтылар, енді біреулер қайырымдылық жасар, тағы біреулер айналымға салып, еселейтін шығар, қысқасы қай қажетіне жаратса да тілекшімін, ниетім, пейілім таза.
-  Мұхит, әлі де қанша кітап шығаратын ойыңыз бар?
- Қанша кітап шығаратынымды мен білмеймін. Біз пендешілікпен көп нәрсені қалаймыз, көп нәрсені армандаймыз. Бүгінгі таңда қазақтілді психологтардың кітап жазуға ден қоя бастағандары қуантады мені. Мен сияқты психология саласын зерттеп, білім алып жүрген адамдардың біздің елімізде көп болғанын қолдаймын. Себебі, әлем бойынша психология ғылымына зәрулік, сұраныс артып тұрған мына заманда қазақ психологиясының мейлінше дамығаны дұрыс-ақ. Қанша кітап жазамын? Әзірге мен тек армандаймын. Алайда, менің психология жайында жазатын кітаптарым екі кітаппен шектелмейтіні анық.
- Бастамаларыңыз оңды болсын! Сәттілік тілейміз!
15 наурыз 2020 ж. 734 0