Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сексеуіл: басты қорғанымыз – сақтық пен тәртіп

Сексеуіл: басты қорғанымыз – сақтық пен тәртіп

Жарты әлемге жайылған пандемияның әлегі елімізді әбігерге салып келеді. Қазір вирус жұқтырғандар саны күн санап артуда. Еселеген сандар бізге сақтық шарларын әлі де күшейту керектігін ескертіп отырғандай. Оның үстіне, халықтың да қарапайым қағидаларға мойынсұнып, белгіленген тәртіпті тиянақты орындауы қажет. Сонда ғана індеттің бетін қайтаруға болатынын дәрігерлеріміз ескертуде. Қазіргі таңда Арал ауданында коронавирус жұқтырған т-рт науқас анықталып отыр. Әлбетте, өсім осымен тоқтасын деп тілейміз, алайда қамданбасақ қапы қалатынымызды да ескеруіміз қажет. Сондықтан ауру анықталған кезден бастап ауданда тәртіп екі есе күшейді десек болады. Енді тек аудан орталығы ғана емес, алыс-жақын елді мекендерде де бақылау артты. Шалғайдағы ағайынның амандығы үшін шаралар қатаңдатылды.
Арал қаласынан кейінгі халық саны жағынан ең ірі елді мекен – Сексеуіл кенті. Жолдар тоғысындағы кентте аты жаман індеттің тіркелмеуі үшін жергілікті билік карантин режимін қатаң ұстауда. Аудан әкімі М.Оразбаев жағдайды бақылау үшін бірнеше рет Сексеуілде болып, түсіндірме жұмыстарын күшейтуді тапсырған. Әсіресе кент аумағынан сыртқа шығуға рұқсат берудің жөні жоқ қазір. Себебі вирус жұқтырған бір адамның өзі бір ауылға үлкен қауіп болмақ. Осы үшін кентте дезинфекциялау жұмыстары күнделікті жүргізілуде. Одан бөлек, кент әкімі Сәкен Төрешов халыққа қазіргі жағдай барынша түсіндіріліп жатқанын жеткізді.
– Карантин режимін қабылдағысы келмейтін, тәртіп бұзып жатқандары да табылуда. Әрине оларға тәртіптік шара көріліп жатыр. Сонымен бірге күнделікті залалсыздандыру жұмыстарын тұрақты атқарып тұрмыз. Одан бөлек, кентке қарасты ауылдарға шығуға рұқсат сұрап келушілер де көбейді. Алайда рұқсат етіп жатқан жоқпыз. Қазіргі жағдай мұны көтермейді. Дәл қазір бізге керегі – қағидаларды сақтап, үйден шықпау, – деді С.Төрешов.
Расымен де, әкімдікке арнайы барғанымызда сапырылысқан халықтың сан сауалмен келіп жатқанын байқадық. Оның ішінде басым бөлігі ауылдан шығуға рұқсат және мемлекеттік жәрдемақы жөнінде.
Ел бірлігін көрсететін осындай сын сағатта тұрғындардың тәртіпке бағынуы аса маңызды. «Біреудің көзі жақсы, біреудің өзі жақсы» деген жалпақшешейлікке жол жоқ. Айтқанға көнбедіңіз бе, айыппұл немесе уақытша қамау. Осылай ғана көпті бір сөзге ұйытуға болады. Қанша айтылғанымен, тәртіп бұзғандар табылып жатыр. Мәселен, кент әкімі бір түн ішінде 102ге 12 хабарлама келіп түскенін айтты. Оның екеуі карантин уақытынан тыс көлікпен көшеде жүрген. Тіпті аудан орталығынан арнайы патруль шақыруға да тура келетін жайттар болған. Алайда қатаң шарамен ғана карантин тәртібін орната аламыз.
Енді кенттегі жалпы жағдайға ойыссақ. Қазір кенттің қос бағытынан блок бекет қойылып, жолдар жабылды. Біріншісі Сексеуіл-Жезқазған бағытындағы темір жол өткелі болса, екіншісі Шағатай ауылына апаратын жолға қойылған. Құқық қорғаушылар, арнайы комиссия 24 сағат бақылау жүргізіп отыр.
Қазір халықтың көп шоғырлануы вирустың көп таралуына басты себеп екені айтылуда. Яғни екі немесе үш адамнан артық жақын жүруге болмайды. Ал көпшілік орындарда арақашықтықты сақтаған абзал. Алайда кенттегі банкомат алдында бұл тәртіп сақталып жатыр деп айта алмаймыз. Әрине жалақы, зейнетақы кезінде жұрттың жапатармағай ағылатыны үйреншікті көрініс. Алайда осыны белгіленген тәртіппен жүзеге асыруға да болар еді. Банк алдында кезектілік күту қашықтығы сызылып бергенімен, арнайы комиссия өкілдері, құқық қорғау қызметкерлері ескертсе де, көпшіліктің құлақ асар түрі жоқ. «Біздің ауылда бұл бәлекет жоқ, неден қорқамыз?» деген сыңайлы сөздерді топ арасынан естіп қалып жатырмыз. Алайда «жау жоқ деме, жар астында» дейтін қазақтың сақтығы қазір керек-ақ. Кеселдің қай тұстан келері белгісіз, себебі көзге көрінбейді. Сондықтан біздің халыққа қазір қысыр сөзден гөрі, сауатты қимыл қажет.
М.Жасұлан.
15 сәуір 2020 ж. 712 0