Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауданда бірқатар шектеулер қойылып, тәртіп күшейтілді

Ауданда бірқатар шектеулер қойылып, тәртіп күшейтілді

Құрметті жерлестер!Қадірлі ағайын!
Өздеріңіз көріп отырғандай облысымызда коронавирус жағдайы күн санап күрделенуде. Оның ішінде, ауданымызда да індетке шалдыққандар саны 4 жағдайға жетті. Анықталған науқастар аудандық жұқпалы аурулар бөлімінде емін алуда.
Баршаңызға белгілі қауіпті індеттің алдын алуда аудандық мемлекеттік бас санитардың қаулысы қабылданды. Қаулығы сәйкес пандемия жағдайында бірқатар шектеулер қойылып, тәртіп күшейтілді.
Тиісінше сала мамандары барлық қоғамдық орындарда жаппай түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеді. Бұдан бөлек, бұқаралық ақпарат құралдары және дыбыс күшейткіш құралдары арқылы қаланың 6 жерінде қабылданған шаралар кеңінен насихатталуда.
Дегенмен, аудан тұрғындарының бұл шектеулерге немқұрайлы қарайтыны алаңдатады. Мәселен, бүгінде бірқатар тұрғындарымыз көшеде маскалық режимді сақтамауда. Такси қызметіне тыйым салынғанына қарамастан, бұл қызметті жалғастырушылар да толастамай отыр. Бұдан бөлек, қаулы бойынша жеке көліктер қозғалысына кешкі сағат 18:00-ден кейін шектеу қойылғанына қарамастан тәртіпті бұзушылар азаймай тұр.
Құрметті аудан тұрғындары!
Біз бүгінгі күнге дейін рейдтік жұмыстарды күшейтілген түрде жүргіздік. Ендігі жерде енгізілген карантиндік режимді бұзған тұлғаларға еліміздің заңнамасына сәйкес қатаң шаралар қабылданатындығын ескертеміз. Оның ішінде, шектен шыққандар әкімшілік айыппұлға тартылып, тиісті материалдар сотқа жолданып, қамауға алынатын болады.
Айта кету керек, ауданымызда жауапкершілікті ұмытып, шектеуге құлақ аспай, бақылау бекетін айналып өтпекші болған 9 азамат анықталды. Қазіргі таңда аталған азаматтар кінәлі деп танылып, сот шешімімен әкімшілік қамауға алынды.
Бұл жағдай баршамызға сабақ болады деп ойлаймыз. Сондықтан бірінші кезекте отбасымыздың, жақындарымыздың, жалпы қоғам алдындағы жауапкершілігімізді сезіне білейік.
Тұрғындарымыздың қауіпсіздігі үшін басын бәйгеге тігіп, күндіз-түні тынымсыз жұмыс атқарып жүрген медицина қызметкерлері мен тәртіп сақшыларының ескертуіне құлақ асу қажет. Қазіргі қысылтаяң шақта тәртіпке бағынудың маңызы зор.
Мамандардың сөзінше, жаңа вирус науқас адаммен жақын қарым-қатынас жасап, онымен тығыз байланыста болған сайын жұғу көрсеткіші ушыға бермек.
Естеріңізде болсын, бүгінде аталған індетке қарсы басты препарат – сіздердің сабырлықпен үйден шықпай, санитарлық талаптарды қатаң сақтауларыңыз болып табылады. Тағы да қайталап айтамыз, қауіпті індеттің тырнағына ілікпеудің төте жолы - үйде болу!
12 сәуір 2020 ж. 740 0