Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Елге қызмет ету – ерлік

Елге қызмет ету – ерлік

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әскери міндеттілерді арнаулы жиындарға шақыру туралы Жарлыққа қол қойғаны белгілі. Шақырылатын әскери міндеттілердің санын және арнаулы жиындарды өткізу мерзімдерін жергілікті атқарушы органдар айқындайды. Бұл елімізде болып жатқан төтенше жағдайдың салдарынан туындап отыр. Әрине коронавирус инфекциясына байланысты қазіргі уақытта еліміз бойынша үздіксіз жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мұның барлығы азаматтардың өмірі мен жеке қауіпсіздігі үшін қолға алынған шаралар.
Қазіргі таңда көрінбейтін жаумен күресте алдыңғы шепте дәрігерлер мен полиция және әскери қызметкерлер жүргені белгілі. Олардың өздеріне жүктелген міндеттері мен антына адалдық танытуы мақтанарлық жағдай. Ел басына күн туғанда күн-түн демей қызметте жүрген олардың еңбегін бағаламай кетуге болмас. Қазіргі таңда сол әскерилердің негізгі жұмысы карантин аймағындағы жұқпалы кесел ошағын залалсыздандырып, арнаулы бекеттер мен мекемелерде қызмет атқарып жатқан жұмысшы топқа ас-сулары мен қажетті заттарын жеткізу болып отыр. Мұнан өзге де ел мүддесі үшін туындаған жұмыстарға жұмылдырылып, қауіпсіздікті арттыра түсу басты мақсаттардың біріне айналды. Енді елімізде бекітілген жаңа жарлыққа сәйкес әскери қызметке шақырылған запастағы әскери міндетті азаматтар арнайы әскери жиындарға шақыртылып отырады. Олардың жергілікті аумақта немен айналысатыны да белгілі болды. Осыған орай Қызылорда облысында арнаулы әскери жиын бөлімшесі де құрылды. Енді облыстағы арнаулы әскери жиынға шақырылғандар Қызылорда облысы бойынша індет ошақтарын залалсыздандыру шаралары, маңызды нысандарды күзету сынды әскери жұмыстарды атқарады. Бұл жөнінде облыстық қорғаныс департаментінің баспасөз қызметі жақында хабардар еткен болатын.
«Әскери міндеттілерді арнайы әскери жиындарға шақыру туралы» ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес, облыс әкімінің шешімімен 2020 жылдың 7 сәуірінде Қызылорда облыстық аумақтық қорғаныс бригадасының жекелеген бөлімшелері Қызылорда қаласының дезинфекциялық іс-шараларына, сондай-ақ стратегиялық маңызды объектілерді күзету мен қорғауды қамтамасыз ету мақсатында арнайы жиынға шақырылды», – делінген мәтінде.
Шақырылған әскери міндеттілер нысанды киімкешекпен, үш мезгіл ыстық тамақпен және басқа да материалдық-техникалық құралдармен қамтамасыз етіледі. Жиындар уақытында әскери міндеттілердің жұмыс орны мен жалақысы жергілікті бюджет қаражаты есебінен, ал жұмыс істемейтіндерге ең төменгі жалақы төленбек.
Әскери жиынға қатысушылардың дені қазіргі таңда індет ошағына айналған үлкен қалаларда. Бүгінгі уақытта коронавирусқа байланысты аудандағы жағдай тұрақты болғандықтан, әскери жиынға шақыру аса маңызды емес. Ал қажет болған жағдайда бұл қызметке жұмылдырылатын запастағы әскери азаматтар баршылық. Олардың ішінде әскери жиынға өз еркімен қатысуға ниет білдірген азаматтар да бар. Осының өзі әрбір азаматтың Мемлекет басшысының Жарлығына бір адамдай атсалысуға дайын екенін көрсетеді. Осыған сәйкес ауданда төтенше жағдайға байланысты әскери міндетті азаматтар қатарын анықтап, арнайы зерделеу жұмыстары жүргізілген. Бұл қажеттілікке байланысты қосалқы құрамның қаншалықты шұғыл жағдайға дайын екенін көрсетеді.
Иә, аты жаман ауруға байланысты ел басына күн туып тұрғаны рас. Бір қуанарлығы, өзгеден келген коронавирус ауруын еліміз дер кезінде алдын ала білгендігі. Соның нәтижесінде алдын ала болжағанымыздан әлдеқайда аурулар көрсеткіші төмен деңгейде. Ал ең бастысы, соңғы уақытта аталған індеттен айыққандардың саны күн санап артып жатқандығы. Қазірдің өзінде еліміз бойынша коронавирус ауруынан жазылып шыққандардың саны 400- ден асып кетті. Бұл көрсеткіштің уақыт өткен сайын еселене беруін тілейміз, әрине. Бастысы – еліміз аман болсын, тұрақтылық заман болсын!
А. Бисенов
21 сәуір 2020 ж. 888 0