Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Намаз оқымаған адамның ораза ұстауына бола ма

Намаз оқымаған адамның ораза ұстауына бола ма

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы "намаз оқымайтын адам ораза ұстауға бола ма" деген сұраққа жауап берді деп жазады KAZ.NUR.KZ порталы muftyat.kz-ке сілтеме жасап.
Ораза – жеке-дара құлшылық. Сол себепті намаз оқымаған адам да ұстай алады. Діни қызметкерлердің мәліметінше, ораза – Ұлы Жаратқанға жақындаудың бір түрі. Олар "бұны болмайды деп тыю дұрыс емес" деген пікірде.
"Намаз оқымайтын кісі ораза арқылы дінге бір табан жақындап, келер жылдары намазға жығылуы әбден мүмкін. Ораза ұстаған кісіге «Оразаң қабыл болсын!» деп демеу беріп, мұсылманшылыққа даналықпен шақыру – саналы әрбір мұсылманның міндеті", - деді мамандар.
Еске сала кетсек, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы шариғат бойынша балиғатқа толған, ақыл-есі дұрыс әрбір мұсылманға Рамазан айында ораза ұстау – парыз екенін жеткізді. Дегенмен ораза ұстамаса болатын санатқа кіретін жандарды айтып өтті.
"Жолаушыларға, сырқаттанған немесе денсаулығы нашар адамдар ауруының асқынуынан қауіптенсе және сенімді дәрігер ұзақ уақыт бойы ашығудан денсаулығы күрт нашарлап кетуі мүмкін деген шешім қабылдаса, сонымен қатар жүкті немесе омырауда баласы бар әйелдерге ораза тұтуды кейінге қалдыруға шариғат рұқсат береді", - деді бас мүфти.
Сондай-ақ, елдегі төтенше жағдайға байланысты тарауық намазы мешіттерде жамағатпен оқылмайтыны белгілі болды. Бұл індеттің таралуының алдын алу мақсатында жасалып отыр.
https://kaz.nur.kz/
01 мамыр 2020 ж. 970 0