1 маусымнан бастап қазақстандықтардың өмірінде не өзгереді
1 маусымнан бастап Қазақстанда карантинді жеңілдетудің жаңа кезеңі басталды. Қазақстандықтарға ел ішінде емін-еркін жүріп тұруға рұқсат етілді, бизнестің барлық дерлік саласы жұмысқа кірісті. Осы және басқа да өзгерістер туралы sputniknews.kz материалынан оқыңыз.
Енді қазақстандықтар жеке көлігімен қалаған елді мекеніне бара алады. Десе де әкімдіктер мен бас мемлекеттік санитарлық дәрігерлердің шешімімен коронавирус таралған ошақтарда аймақтық блокбекеттер сақталуы мүмкін.
Блокбекеттер алынды
1 маусымнан бастап облыстар мен қалалар ашылды, блокбекеттер алынды. Екі жарым ай бойы республика бойынша 400 блокбекет жұмыс істеген еді.Енді қазақстандықтар жеке көлігімен қалаған елді мекеніне бара алады. Десе де әкімдіктер мен бас мемлекеттік санитарлық дәрігерлердің шешімімен коронавирус таралған ошақтарда аймақтық блокбекеттер сақталуы мүмкін.
Қалааралық автобустар қатынайды
Бесінші маусымнан бастап қалааралық автобустар жолға шығады. Вирустың таралуына жол бермеу мақсатында көліктерде жаңа қауіпсіздік ережелері қарастырылған.- жолаушылар арасында кемінде бір метр ара қашықтықты сақтау;
- автобустарда дезинфекция жүргізу;
- жолаушыларды салонға тек маскамен кіргізу;
- жүргізушілерді бетперде және қолғаппен қамтамасыз ету және оларды әр екі сағат сайын ауыстыру;
- автопарк қызметкерлері екі аптада бір рет коронавирусқа тест тапсырып тұруы қажет.
Пойыздар қайта жүреді
1 маусымнан теміржол қатынасы жанданады. Жолаушылар пойыздарын іске қосу үш кезеңнен тұрады. Билеттер 15 мамырдан бері сатылады.Бірінші кезеңде - 1 маусымнан бастап - 54 пойыз қатынайды. Олардың бесеуі – "Тальго", 31 – стандарт, 18 – қала маңы.
Екінші кезеңде, 10 маусымнан бастап тағы 39 пойыз қосылады: алтауы – "Тальго", 14 – стандарт, 19 – қала маңы.
Үшінші кезеңде, мемлекеттік шекараны кесіп өту шектеуінің алынуына қарай, 15 пойыз жүре бастайды деп жоспарланған. Оның ішінде Ресей, Өзбекстан және Қытайға қатынайтын пойыздар бар.
Вокзалға тек бетпердемен және билетпен кіргізеді. Ара қашықтық вокзалда ғана емес, вагонның ішінде де сақталуы шарт. Жолаушылардың дене қызуы үнемі өлшеніп тұрады.
Пойыздарда мейрамхана-вагондар жұмыс істемейді, жол-жөнекей тамақ та сатылмайды. Сондай-ақ, вагондар арасында жүруге тыйым салынған.
Бүлдіршіндер балабақшаға барады
Бүгіннен бастап балабақшалар жұмысын қайта бастады.Мектепке дейінгі ұйымдарда, қосымша білім ұйымдарында кезекші топтар ашылады. Бір топта бала саны 15 адамнан аспауы тиіс.
Ғылыми-зерттеу институттары мен ғылыми орталықтар да ашылды.
Фитнес орталықтар мен кинотеатрлар
1 маусымнан бастап фитнес орталықтар мен СПА қызметі жанданады. Бассейндер әзірге жабық.Мәдениет және спорт нысандары да бүгіннен бастап ашылады.
Кинотеатрларға санитарлық талаптарды сақтап 15 маусымнан бастап жұмыс істеуге рұқсат етілді.
Ел ішінде демалуға болады
1 маусымнан бастап бірқатар өңірде туристік маусым басталады. Қонақ үйлер, шипажайлар, демалыс үйлері мен жағажайлар ашылды.Ел ішінде демалатын туристерден коронавирус табылмағаны туралы анықтама талап етілмейді. Ал туристік жолдама сатып алған ата-аналардың 15 жасқа толмаған балалары ұшақпен тегін ұшады.
Алакөлде демалғысы келетіндер үшін 2 маусымнан бастап пойыздар қатынайды:
Күнара қатынайтын пойыздар:
- №22/21 "Қызылорда – Семей" және №6941/6942 "Ақтоғай – Достық" пойыздары құрамындағы "Алматы – Достық" пойыздарының вагондары;
- №121/122 "Нұр–Сұлтан – Семей" және №6941/6942 "Ақтоғай – Достық" пойыздары құрамындағы "Нұр-Сұлтан – Достық" пойыздарының вагондары;
"ҚТЖ" компаниясы курорт бағытына сұраныс өссе, қосымша вагондар бөлуге дайын екенін хабарлады.
ҰБТ-2020
3-4 маусым күндері мектептерде қазақстандық түлектерге аттестат табысталады. Салтанатты шара мектеп ауласында ұйымдастырылады.Ұлттық бірыңғай тестілеу 20 маусым мен 5 шілде аралығына жоспарланған. Биыл емтиханға 130 мыңнан астам бала қатысады деп күтілуде.
ҰБТ сұрақтарына төртінші тоқсанның бағдарламасы енбейді.
Астық пен ұн экспорты жанданады
1 маусымнан бастап бидай, ұн және басқа азық-түлік өнімдерінің экспорты жанданады. Бұл туралы ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров мәлімдеген болатын.Төтенше жағдай кезінде астық пен ұнды республика аумағынан шығаруға шектеу қойылған еді. Мұндай шара елдің астыққа деген ішкі қажеттіліктерін қамтамасыз ету мақсатында қолға алынды. Ауыл шаруашылығы министрлігі бидай мен ұн экспортын ай сайынғы квота аясында жүзеге асырды.
Банк шотынан ақша шешіп алу шектелді
1 маусымнан бастап Қазақстанда заңды тұлғаларға банк шотынан қолма-қол ақша шешіп алуға шектеу енгізілді.Ұлттық банк заңды тұлғалар үшін банктегі шоттардан шешіп алуға болатын қолма-қол ақшаның шекті сомасын белгіледі:
- шағын бизнес үшін – күнтізбелік айда 20 миллион теңге;
- орта бизнес үшін – күнтізбелік айда 120 миллион теңге;
- ірі бизнес үшін – күнтізбелік айда 150 миллион теңге.
Шектеудің қолданыс мерзімі – осы жылдың соңына дейін.
Шектеу кімдерге қатысты емес
Шектеу кімдерге қатысты емес
- жеке тұлғаларға;
- жеке кәсіпкерлерге;
- микрокәсіпкерлік субъектілеріне;
- ауыл шаруашылығы азық-түлігі өнімін, балық өнімін сатып алуды жүзеге асыратын заңды тұлғаларға;
- тамақ өнімдерін, сусын, фармацевтикалық, медициналық және ортопедия тауарларын бөлшек сатумен айналысатын заңды тұлғаларға;
- екінші деңгейлі банктерге;
- "Қазпошта" АҚ;
- банктік емес ақша айырбастау пунктеріне.