Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Вьетнамда су тасқынынан 37 адам қаза тапты

Вьетнамда су тасқынынан 37 адам қаза тапты

Вьетнамның орталық провинцияларында ұзаққа созылған нөсер жаңбыр мен қатты су тасқыны салдарынын 37 адам көз жұмды, бес адам хабар-ошарсыз кетті, 78 адам жарақат алды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы Синьхуа жазды.

12,6 мыңнан астам үй су астында қалды, 103 құрылыс тасқын судан қирады немесе шайылып кетті, ал 451-і зақымдалды.

Су тасқыны шамамен 7 900 га ауылшаруашылық алқаптарына да әсер етті, 64 мыңнан астам мал мен құс қырылды, сондай-ақ суару жүйелері мен өзен жағалауларына айтарлықтай зиян келтірді.

Өткен демалыс күндерінен бері Вьетнамның жағалаудағы провинцияларында нөсер жаңбыр жауып, бір күнде рекордтық 1,7 метр жаңбыр жауды, - деп жазды VnExpress.

ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра тізіміне енген ежелгі Хойан қаласын да су басты. Жергілікті өзен арнасынан асып, 60 жылдағы ең жоғары деңгейге жеткеннен кейін тұрғындар көшелерде ағаш қайықтармен жүруге мәжбүр болды.

Фото: baq.kz
04 қараша 2025 ж. 99 0