Жұмыс берушілер қызметкерлерді қысқартатыны туралы онлайн ескертетін болады
Kyzylorda-news.kz. Жұмыс берушілерге ыңғайлы болу үшін enbek.kz Электрондық еңбек биржасында мемлекетттік органдарды қызметкерлердің қысқартылатыны жайлы хабардар ететін функционал іске қосылды, деп хабарлайды Еңбек ресурстарын дамыту орталығының баспасөз қызметі.
ҚР «Халықты жұмыспен қамту туралы» заңының 28-бабына сәйкес барлық ұйымдардың кадрлық бөлімдері қызметкерлерді жұмыстан босататыны туралы ақпаратты жұмыспен қамту орталықтарына алдын ала беруге міндетті. Осы уақытқа дейін кадр бөлімінің қызметкерлері арнайы қағаз құжаттарды толтырып, оны өздері барып тапсыруға мәжбүр болатын.
Енді бұл рәсім барынша жеңілдетіліп, жеделдетілді. Жұмыс беруші Электрондық еңбек биржасы порталындағы жеке кабинетінде қызметкерлердің санын, олардың жалақы мөлшерін, лауазымын, мамандықтарын, біліктілігін, жұмыстан шығу себептерін (қызметкерлер санының немесе штатының қысқаруы, жұмыс беруші қызметінің тоқтатылуы, кәсіпорынды тарату, өндіріс пен орындалатын жұмыстар мен қызметтер көлемінің төмендеуі), сондай-ақ босатылатын мерзімді көрсете отырып алдағы уақытта қызметкерлерді қысқартатыны туралы мәліметтерді толтыра алады.
Қызметкерлерді қысқарту туралы деректерді беруді автоматтандыру жұмыссыз қалған азаматтарға уақытылы жаңа жұмыс орындарын табуға септігін тигізеді.