Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстанда АӘК көрсету тетіктері жетілдіріледі

Қазақстанда АӘК көрсету тетіктері жетілдіріледі

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) көрсету тетіктерін жетілдіруді жоспарлап отыр. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтты., деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Орталық коммуникациялар қызметінде онлайн режимде өткен халыққа есеп беру кездесуі барысында министр АӘК көрсету тетіктерін одан әрі жетілдіру әлеуметтік топтаманы әлеуметтік қызметтер порталына көшіруді, шартсыз ақшалай көмек алушыларды әлеуметтік бейімдеу шараларымен қамтуды, өмірлік қиын жағдайдан шыққанға дейін отбасын сүйемелдеуді көздейтіндігін айтты.
«Президенттің тапсырмасы бойынша біздің министрлік әлеуметтік топтаманы әлеуметтік қызмет көрсету порталына көшіру бойынша жұмысты бастады. Алушылар мен жеткізушілер бірыңғай цифрлық алаңда тікелей өзара іс-қимыл жасайды. Алушылар әлеуметтік топтама жиынтығындағы тауарларды өз бетінше таңдай алады», – деді Біржан Нұрымбетов.
Оның айтуынша, атаулы әлеуметтік көмекті жетілдірудің келесі кезеңінде заңнамаға шартсыз АӘК алушыларды әлеуметтік бейімдеу шараларымен қамту бөлігінде өзгерістер енгізу жоспарлануда. Бұл әлеуметтік келісімшартқа қол қоймаған және объективті себептер бойынша жұмыспен қамту шараларымен қамту мүмкін емес, бірақ оларға әртүрлі, оның ішінде білім беру, мәдени, медициналық, психологиялық, құқықтық сипаттағы қызметтер көрсетуді қажет ететін адамдар.
«Барлық отбасы мүшелерінің денсаулық скринингі, жүкті әйелдерді міндетті түрде есепке қою, өмірлік қиын жағдайда психологтарға міндетті түрде бару, балаларды білім беру мекемелеріне тіркеу, балаларды тәрбиелеу бойынша қашықтықтан оқыту курстары бұған мысал бола алады. Бұл жұмысты осындай отбасыларды өмірлік қиын жағдайдан шығарғанға дейін сүйемелдеп жүруге арналған әлеуметтік қызметкерлер қызметтерін жаңғыртумен бірге жүргізу қажет. Негізгі құрал «Отбасының цифрлық әлеуметтік картасы» ақпараттық жүйесі болады. Оның пысықталған нұсқасын осы жылдың күзіне дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Отбасыларды өмірлік қиын жағдайдан шығару бойынша ведомствоаралық көмек барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдарға ақпараттық жүйеге қол жеткізу арқылы қамтамасыз етіледі», – деді министр.


25 маусым 2020 ж. 507 0