Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » БЕЛГІЛІ КҮЙШІ-КОМПОЗИТОР, АҚЫН-ЖЫРАУ - МҰРАТ СЫДЫҚОВ 80 ЖАСТА

БЕЛГІЛІ КҮЙШІ-КОМПОЗИТОР, АҚЫН-ЖЫРАУ - МҰРАТ СЫДЫҚОВ 80 ЖАСТА

Белгілі күйші-композитор, ақын-жырау, өн бойына жеті өнерді меңгерген Сыр сүлейлерінің сарқыты, тағдыры теңізбен біте қайнасқан айдынды өлкенің тумасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан композиторлар Одағының мүшесі, Арал ауданының Құрметті азаматы, жерлесіміз – Мұрат Сыдықов 80 жасқа толды.
Кеше аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Мұрат Сыдықовты қабылдап, 80 жылдық мерейтойымен құттықтады. Кездесу барысында аудан басшысы:- «Біз Сізді жыр дүлдүлдерінің асыл қазыналарынан сусындап өскен, өнердегі өресі биік тұлға деп бағалаймыз. Сіздің сырға толы әндеріңіз бен күй-толғауларыңыз жастарымызға баға жетпес тағылымы мол үлгі-өнеге деп білемін. Осынау игілікті істе қанатыңыз талмасын, қажыр-қайратыңыз қашанда арта бергей! Әрдайым халықтың ыстық ықыласына бөлене беріңіз!»- деп ақжарма тілегін жеткізіп, қазақы дәстүрге сай иығына шапан жауып, «Құрмет Грамотасын» табыстады.
Мұрат Сыдықұлы - 1940 жылы Арал ауданы, Бөген ауылдық кеңесіне қарасты «Қарашалаң» елді мекенінде балықшы, өнерпаздар отбасында дүниеге келген. Әкесі Сыдық мерген аңшы, домбырашы, сауыққой-сері, анасы Болқын қолөнер және сөз шебері болған.
Ол 5 жасынан домбыра тарта бастап, мектеп қабырғасында оқып жүріп халықтың, Қазанғаптың, Құрманғазының, Динаның күйлерін тартып өзі де өлең, ән жаза бастайды.
М.Сыдықұлы 1980 жылы өзінің отбасы мүшелерінен тұңғыш «Сыдықовтар жанұялық ансамблін» құрып аудан, облыс жұртшылығына концерттер беріп, өнер сүйер қауымның мақтанышына айналды. Халықтың, қазақ, орыс, батыс композиторларының және өзінің ән-күйлерін шебер орындайтын дәрежеге жетті.
Мұрат Сыдықұлы әндер, күй-толғаулар, өлең-жырлар жазумен 1958-1959 жылдардан бастап шұғылданып келе жатқан дарынды күйші, композитор, жыршы-ақын. Виртуоз орындаушы ретінде Республикалық, Бүкілодақтық, Халықаралық өнер байқауларының лауреаты. Сонымен бірге шебер сценарий жазушы, режиссерлығы, актерлығы да бар елімізге белгілі, жан-жақты үлкен өнер иесі. Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын бітіріп, бірнеше шәкірттер тәрбиелеген білікті ұстаз. Оның түрлі жанрдағы мазмұны терең, идеясы жоғары, салиқалы шығармалары туған жері Аралмен өзектесіп, теңіз, даламен үндесіп жатады.
Оның Қазақстан композиторлар Одағынан жоғары бағаланған «Қайдасың сен», «Балықшы қыз», «Сыр гүлі», «Сырдария», «Шаттанамын», «Шалқи бер, дала», «Аққуым менің», «Майдангерлер мәңгі жасайды», «Туған жер» т.б. әндері мен «Арал толқыны», «Біздің Ғани», «Әке арманы», «Қайран ағалар», «Балдыз», «Өмір толғауы», «Тойға шашу», «Балтабай», «Мұраттың төкпесі», «Қос тұйғын» тағы басқа күйлері халқымыздың рухани байлығына қосылған асыл қазыналар. Көптеген туындыларын ауылдың әнші, күйші, жыршыларынан бастап еліміздің атақты өнер шеберлері орындап, облыстық, республикалық радио, телевидениенің «Алтын қорына» жазылған.
Ал, «Батыр баба-Жанқожа», «Махамбеттің толғауы», «Тойға шашу», «Астанаға сәлем» сияқты симфониялық күй-поэмаларын атақты Қазанғап атындағы «Халық оркестрі» мен Тұрмағанбет атындағы облыстық қазақ ұлт-аспаптар оркестрінің тұрақты репертуарында күмбірлете ойнайды.
Мұрат Сыдықұлының халқымыздың ежелден келе жатқан жыраулық өнердегі еңбегі де өз алдына бір төбе. Ол әсіресе Арал-Қазалы өңірінде XIX-XX ғасырларда өмір сүрген Бижан, Бітімбай, Молда Дәулет, Жаңаберген, Жаппарберді, Кәрібоз, Жалғасбай, Дәріқұл, Жәмет, Үмбетәлі, Сары (Жансүгір) тағы басқа дүлдүл, жампоз жыраулардың 40-жуық ән-мақамдарын зерттеп жинақтап жүрген жыршы-жырау.
Кешегі ұлы күйші-композитор Қазанғап пен даңғайыр шайыр – ақын Нұртуғанның лайықты ізбасары, қазақ өнерінің ірі өкілдерінің бірі Мұрат Сыдықұлының әсем әндері мен керемет күйлері, тағылымды терме-толғаулары, өлең жырлары халқымыздың рухани байлығына қосылған асыл қазыналар. Оның өрісіті еңбектерге толы өнермен өрілген өмірі бүгінгі, кейінгі ұрпақтарымызға үлгі - өнеге.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі.


02 шілде 2020 ж. 1 799 0