Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мәдениет саласының үздігі

Мәдениет саласының үздігі

Аудан әкімі М.Оразбаев «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін шектеген жерлесіміз Жандос Сыдықовты құттықтады.
– 21 мамыр – мәдениет және өнер саласы қызметкерлерінің төл мерекесі. Осы мерейлі мереке аясында ұлт руханиятының қазанында қайнап жүрген жерлесіміз Жандос Сыдықов «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Өнер майталманының бұл жетістігі біз үшін, барша аралдықтар үшін үлкен мақтаныш.
Айдынды Аралдың өнері мен мәдениетін сөз еткенде, Сыдықовтар отбасылық халықтық ансамблін айналып өту мүмкін емес. Ауданымызда өнерлі отбасыны білмейтін жан жоқ. Тек бір аудан емес, республикаға, тіпті Одаққа танымал Сыдықовтар отбасылық ансамблі – еліміз бойынша тұңғыш рет «халықтық ансамбль» атағына ие болған, ұлттық өнерімізді айрықша дәріптеп жүрген өнер ұжымының бірегейі.
Саналы ғұмырларын өнермен өрнектеген отбасында ұлттық мәдениетті бойына сіңіріп өскен Жандос Сыдықов бүгінде «Сыдықовтар жанұялық Халықтық ансамблінің» мүшесі және «Қазанғап» ұлт-аспаптар оркестрінің музыкалық жетекшісі болып абыройлы еңбек етіп келеді. Ақын-жырау, композитор, сценарист, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, ауданның құрметті азаматы, Сыдықовтар халықтық отбасылық ансамблінің көркемдік жетекшісі Мұрат Сыдықовтың ұлы ретінде әке жолын берік ұстанған Жандос Сыдықов жемісті шығармашылық жолында еңбек етіп, әлі талай биіктерден көріне береді деген сенімдемін.
Марапат иесін бүгінгі жеткен жетістігімен құттықтай отырып, деніне саулық, отбасына бақ-береке, қызметіне сәттілік тілеймін! Сыдықовтардың өнері өрге жүзе берсін! – деді аудан әкімі.
23 мамыр 2020 ж. 1 692 0