Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Аудан әкімі М.Оразбаевтың 21-мамыр - Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күнімен құттықтауы

Аудан әкімі М.Оразбаевтың 21-мамыр - Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күнімен құттықтауы

Құрметті мәдениет және өнер саласының қызметкерлері!
Сіздерді төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Мәдениет – ұлттың мәйегі. Өнер – халықтың қазынасы, ұлттың құндылығы. Өнер мен мәдениет – егіз ұғым. Әр халық – өзіндік мәдениеті, руханияты, салт-дәстүрімен дара, биік. Әрбір елдің рухани күші – оның мәдениетімен өлшенеді. Содан болса керек, елдің өнер көшін алға ілгерілетуде ұлт руханиятының шырақшысы болып жүрген мәдениет майталмандарының қоғамдағы алар орны ерекше.
Айдынды Арал өңірі мәдениетпен мерейленіп, өнермен өрістеген өлке. Аралымыздың қасиетті топырағы талай мәдениет майталмандары мен өнер жұлдыздарының алтын бесігіне айналды.
Бүгінде өңір өркениетінің дамуында мәдениет қызметкерлеріне артылар жүк ауыр. Өздеріңізге мәлім, елімізде төтенше жағдай енгізілген күннен бастап барлық мәдени, спорттық іс-шаралар тоқтатылды. Соған қарамастан жұмыстың жаңа форматы енгізіліп, сала мамандары онлайн режимде де мәртебелі міндетті абыроймен атқарып келеді. Тұрғындарымызға мерекелік концерттер, музейдегі тарихи жәдігерлер, кітап қорлары алдын-ала цифрландыру жұмыстарының нәтижесінде ұсынылуда.
Осы орайда, ұлттық өнердің қанат жайып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасуында – баршаңыздың үлестеріңіз зор, еңбектеріңіз ерен.
Құрметті мәдениет, өнер саласының қызметкерлері мен ардагерлері!
Бүгінгі кәсіби мерекелеріңізбен құттықтай отырып, өңір мәдениеті мен өнерін өрістету, ұлттық мәдени мұрамызды әлемге таныту жолындағы еңбектеріңізге шығармашылық табыс тілеймін!
Халықтың ыстық ықыласына бөленіп, өнер нәрімен суысындатып жүре беріңіздер!
Әрдайым абыройларыңыз асқақ, мерейлеріңіз үстем, өнердегі жұлдыздарыңыз жарық болсын демекпін! Қашан да ауданымыз мәдениеттің мәуелі көшін бастай берсін!
Мереке құтты болсын!
21 мамыр 2020 ж. 7 035 0