Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қарапайым ережелер індеттің алдын алуға сеп

Қарапайым ережелер індеттің алдын алуға сеп

Коронавирус індетіне байланысты барша әлем күрделі кезеңді бастан өткеріп отыр. Елімізде, оның ішінде өңірде ауру күннен-күнге өршіп барады. Арал ауданында да эпидемиологиялық ахуал күрделі.
Бүгінде жергілікті инфекциялық стационарда – 21, провизорлық стационарда 28 пациент ем алып жатыр. Инфекцияны симптомсыз тасы­малдаушы – 17, науқастармен қарым-қатынаста болған 67 адам үй каран­тинінде. Осыған дейін 56 адам ауруынан айықты. Ауданда қауіпті індет­тің үш ошағының тіркелуі жағдайды күрделендіріп жіберді. Яғни, отбасы мүшелері, туған-туыс, бірге жұмыс істейтіндердің өзара байланысы салдарынан жұқпалы ауру асқына түсті. Өзінің, жақын-жуығы мен дос-жаранының денсаулығын ойлаған адам сақтық шараларына салғырт қарамауы тиіс.
Күнделікті статистикадан елімізде жұқпалы дерттің шарықтау шегіне жеткенін көріп отырмыз. Айналамызда дене қызуы көтеріліп, түшкіріп, жөтеліп ауырып, үйде емделіп жатқандардың саны күрт көбейді. Пневмония асқынып тұр. Жаз мезгілінде бұлай жаппай сырқаттану тәжірибемде бұрын-соңды болған емес. Иә, халық бұған дейін әлемді шарпыған ауруға бейжай қарап келді. Бірақ қазір қайтадан тәртіп орнай бастады. Көпшілік маскалық режимге көшті. Осы және қолды антисептикпен тазалау, бөлмені желдету, әлеуметтік арақашықтықты сақтау сынды қарапайым ғана ережелер аурудың алдын алуға сеп екенін әрбіріміз түсінуге тиіспіз.
Вирустың таралуы күшейген тұста аудандағы мониторинг тобы кәсіпкерлік нысандарын тұрақты түрде тексеріп жүр. Рейдтік шаралар нәтижесінде карантин талаптарын елемегендерге ескерту беріліп, айыппұлдар салынуда. Ондағы негізгі міндет – дүкендер мен базарлар, қоғам­дық тамақтану және тағы басқа қызмет көрсету орындарындағы сани­тар­лық талаптың сақталуын қадағалау.
Аталған шаралардың қай-қайсысы да біз бен сіздің денсаулығымыз үшін маңызды. Сондықтан бар­шаңызды карантиндік шектеу шара­ларын сақтауға, мәселеге зор жауап­кершілікпен қарауға шақырамын.
Ақзия САТЕКЕЕВА,
Арал аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің
сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы,
ауданның бас мемлекеттік санитариялық дәрігері
syrboyi.kz
02 шілде 2020 ж. 556 0