Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » COVID-19: Өңірде індет жұқтырғандармен 1146 адам жақын қарым-қатынаста болған

COVID-19: Өңірде індет жұқтырғандармен 1146 адам жақын қарым-қатынаста болған

Қызылорда облысында коронавирустық инфекцияны жұқтырған науқастар саны 149 адамға жетті. Бүгін соңғы тәулікте жаңадан анықталған 2 жағдайдың мән-жайын облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Абдусаметов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтып берді.
«Қазіргі таңда Қызылорда облысында коронавирустық инфекцияны жұқтырған 149 жағдай тіркелді. Соңғы тәулікте жаңадан 2 жағдай анықталды. Екеуі де – Шиелі ауданынан. Осы 2 науқас та бұрын анықталған науқастармен тікелей қарым-қатынаста болып, карантинге алынғандардың арасынан анықталып отыр. Қауіпті індет жұқтырғандардың барлығы жұқпалы аурулар ауруханасына ауыстырылып, тиісті емдерін қабылдауды бастады», – деді Жақсылық Абдусаметов.
Оның айтуынша, COVID-19 індетін жұқтырған өңірдегі 149 науқаспен байланыста болғандардың жалпы саны – 2181. Оның ішінде, жақын қарым-қатынаста болғандар саны – 1146, потенциалды байланыста болғандар – 1035 адамды құрап отыр. Бүгінгі таңда барлығы бақылауға алынып, оқшауланған. Барлығының жағдайы қанағаттанарлық.
Сондай-ақ, бүгінгі таңда облысымыздағы жұқпалы аурулар ауруханасында – 125, правизорлық стационарда – 64, карантиндік стационарда – 583 адам бақылауда.
Брифингте Жақсылық Әбілқасымұлы мәлімдегендей, облысымызда коронавирустық инфекция анықталған алғашқы күннен бастап барлығы 5660 тұрғыннан тест сынамасы алыныпты.
«Бүгінгі күнге барлығы 5660 тест сынамасы алынды. Өткен тәулікте 801 тест сынамасы жасалды. Оның 546 – теріс мәнді болып шықты. Ал, 253 – әлі тексерілу үстінде. Бүгінгі таңда облыс бойынша 8050 тест сынамасы қалды», – деді ол.
Сондай-ақ, басқарма басшысы өңірде карантиндік шектеу шаралары өз нәтижесін беріп отырғандығын жеткізді. Осының арқасында коронавирустық инфекция жұқтырғандардың арасында жаңа ошақ тіркелмеген көрінеді.
«Өңірде карантиндік шектеу талаптары өз нәтижесін беріп отыр. Соның арқасында тікелей қарым-қатынаста болғандардың арасынан инфекция жұқтырғандар біршама төмендеді. Дегенмен, аймақта карантин шаралары тұрғындарға едәуір қолайсыздық тудырып, қалыпты өмір ағымына тезірек оралғысы келетіндерін жасырмаймыз. Облысымызда енгізілген бұл шара 1 мамырға дейін созылғаны белгілі. Енді қалған 10 күннің ішінде халықты сабырға, түсіністік танытуға шақырамын. Сондай-ақ, өңірде қауіпті індет жұқтырған алғашқы науқас тіркелген 28 наурыздан бастап әріптестеріміз, яғни, медицина мамандары да үйлеріне қайтқан жоқ. Ол кісілерге де сабыр мен шыдамдылық тілеймін. Бізге босаңсыуға болмайды», – деді Ж. Әбілқасымұлы.
Айта кетейік, бүгін Қызылорда облысында коронавирустық инфекцияға шалдыққан науқастардың саны 149 адамға жеткенін хабарлаған болатынбыз.
Оның ішінде, Қызылорда қаласында – 23, Жаңақорған ауданында – 30, Қармақшыда – 4, Шиеліде – 61, Сырдарияда – 25, Арал – 4, Қазалы ауданында – 2 жағдай тіркеліп отыр.
https://kyzylorda-news.kz/
20 сәуір 2020 ж. 497 0