Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » COVID-19: Қызылордалық тұрғындар індетті басқосудан жұқтырған

COVID-19: Қызылордалық тұрғындар індетті басқосудан жұқтырған

Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында коронавирустық инфекцияны жұқтырған науқастар саны 131 адамға жетті. Бүгін соңғы тәулікте жаңадан анықталған 7 жағдайдың мән-жайын облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Абдусаметов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтып берді.
«Қазіргі таңда Қызылорда облысында коронавирустық инфекцияны жұқтырған 131 жағдай тіркелді. Соңғы тәулікте жаңадан 7 жағдай анықталды. Оның біреуі – Қазалы ауданынан. Ол пойызда жолсерік болып еңбек еткен. Қалған алтауы – Қызылорда қаласынан. Осы Қызылорда қаласында тіркелгендермен байланыста болғандар анықталуда. Қауіпті індет жұқтырғандардың барлығы жұқпалы аурулар ауруханасына ауыстырылып, тиісті емдерін қабылдауды бастады», – деді Жақсылық Абдусаметов.
Оның айтуынша, COVID-19 індетін жұқтырған өңірдегі 131 науқаспен байланыста болғандардың жалпы саны – 1751. Оның ішінде, жақын қарым-қатынаста болғандар саны – 1009, потенциалды байланыста болғандар – 742 адамды құрап отыр. Бүгінгі таңда барлығы бақылауға алынып, оқшауланған. Барлығының жағдайы қанағаттанарлық.
Сондай-ақ, бүгінгі таңда облысымыздағы жұқпалы аурулар ауруханасында – 128, правизорлық стационарда – 27, карантиндік стационарда – 445 адам бақылауда.
Басқарма басшысы атап өткендей, 1 (Б) елдерінен 17 адам келген. Қазіргі таңда оның төртеуі – стационарда, 13 – үй жағдайындағы карантинде бақылауда.
Брифингте Жақсылық Әбілқасымұлы атап өткендей, карантиндік шектеу шараларына тұрғындардың әлі де салғырт қарап отырғаны өңірде бұл індетке шалдыққандардың көбеюіне әкеліп соғып отыр.
«Жаңадан тіркелген науқастарға келсек, Қызылорда қаласынан тіркелген науқастар 30 наурыз күні қалада кішігірім іс-шараға қатысқан. Бұл біздің тұрғындардың жауапкершілігінің әлі де төмен екендігін дәлелдеп отыр. Қазіргі жағдай қоғамның коронавирус індетінен бұрын салғырттықтың, бойкүйездіктің, тәртіпке бағынбаудың індетімен ауырғандығын көрсетіп отыр. «Менің отбасыма қатысы жоқ», «мені айналып өтеді» деген көзқарастан әлі арыла алмай отырмыз. Жалпы, 13 наурыздан бастап облыста шектеу шаралы, ал, 16 наурыздан бастап жиын-той, басқа да іс-шараларға қатаң тыйым салынғанына қарамастан 30-шы наурызда қаланың өзінде осындай шара өткізілген», – деді ол.


16 сәуір 2020 ж. 578 0