Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Әншілер концертте фонограмма қолданатынын көрерменге хабарлауға міндетті болады

Әншілер концертте фонограмма қолданатынын көрерменге хабарлауға міндетті болады

Музыкалық шығармаларды орындаушылар фонограмма қолданатынын көрерменге хабарлауға міндетті болады. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы заң жобасының мақсаты қолданыстағы заңнаманы жетілдіру және мәдениет саласын дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау болып саналады. Жоба қамтыған негізгі бағыттар – кітапхана және баспа ісі, мәдени-көпшілік іс-шараларды реттеу мәселелері және шығармашылық одақтарды қолдауға қатысты түзетулер болып отыр. Жоба «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы», «Мәдениет туралы» және «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына түзетулер енгізуді көздейді және түзетулердің негізгі блогы мәдениет саласына қатысты», – деді заң жобасын таныстырған министр.
Осы ретте ол 2007 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы базасында Қазақстан ұлттық электрондық кітапханасының жобасы іске асырырылып келе жатқанына тоқталды.
«Сонымен қатар, бүгінде еліміздің электрондық кітапханасын іріктеу, қалыптастыру, толықтыру және дамыту тәртібін айқындайтын заңнамалық база жоқ. Қазақстан Республикасының мәдени құндылықтары мен ұлттық мәдени игілігін электрондық форматта сақтау бағытында айтылған олқылықтарды жою, сондай-ақ халықтың зияткерлік әлеуетін арттыру және қазақстандық ғылым мен мәдениетті танымал ету бойынша жағдайларды арттыру мақсатында заң жобасында электрондық кітапхана мәселелерін реттейтін нормалар көзделіп отыр», – деді Ақтоты Райымқұлова.
Сонымен қатар, министр концерт, ойын-сауық іс-шараларын өткізу кезінде туындайтын бірқатар проблемалар бар екендігін жасырмады. Орындаушылар тарапынан концерттер өткізу кезінде әдепсіз мінез-құлық көрсету, сахнада мас күйінде өнер көрсету үрдіс орын алған, жоспарланған концерттерді бұзу, әдепсіз сөздері бар репертуар таңдау, көрермендерді хабардар етпей фонограмманы пайдалану фактілері болғанын ашық айтты.
«Осы орайда, Заң жобасы аясында орындаушылардың осындай мінез-құлық көрсетуіне жол бермеу үшін бірқатар міндеттемелерді енгізу арқылы осы мәселелерді реттеуге тырыстық. Олардың ішінде маңызды нормалардың бірі – музыкалық шығармаларды орындаушылардың фонограммаларды қолдануы туралы көрерменді хабарлау. Фонограммаларды пайдалану тәртібін заңға тәуелді актіде айқындалатын болады. Барлық жарнамалық өнімдерде және кассалар жанында міндетті түрде фонограмманы пайдалану бойынша хабарлама беріледі. Бұл көрерменге фонограмманы пайдаланумен өтетін концертке билет сатып алу немесе одан бас тарту таңдауына мүмкіндік береді және билеттің құнына да әсер етеді», – деді ол.
https://kyzylorda-news.kz/​​​
16 қыркүйек 2020 ж. 485 0