Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Зейнетке шығу жасы қашан өзгереді?

Зейнетке шығу жасы қашан өзгереді?

Елімізде ерлер мен әйелдердің зейнетке шығу жасы қандай? Қай санаттағы азаматтарға зейнетке ерте шығу мүмкіндігі бар? Зейнет жасына келген азаматтарға зейнетке шығу үшін қандай құжаттар жинау керек?

Осы сұрақтарға толық мәлімет алу үшін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне редакциямыз сауал жолдаған болатын. 
Елімізде азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыру «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүргізіледі. 
  Қазіргі таңда зейнетақы төлемдері 2 қаржылық жүйесі арқылы төленеді: 
  - 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша кемiнде алты ай еңбек стажы бар адамдарға республикалық бюджет қаражаты есебінен;
  - жинақтақтаушы зейнетақы жүйесіндегі қаражаттардан.  
Уақыт өте еңбек зейнетақысының мөлшері еңбек өтілінің толық болмауына орай жыл сайын белгіленетін зейнетақының ең төмен мөлшерінен аз болуын ескергенде, зейнетақы мөлшері жиналған қаражаттың мөлшеріне тәуелді болады. Зейнетақы жинақтарының көлемін арттырудың бір жолы - жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысушылардың еңбек стажын ұзарту, - деді бірінші вице-министр Ақмәди Сарбасов.   
Министрліктің ресми жауабына сәйкес, зейнетақы жүйесін жаңарту мақсатында әйелдердің зейнеткерлік жасын сәйкестендіру үшін 10 жыл ішінде жыл сайын зейнетке шығу жасын 6 айға (0,5 жас) ұзарту ұсынылған.   
2018 жылғы 1 қаңтардан бастап әйелдердің зейнеткерлік жасы 58 жастан 63 жасқа арттыруды көздейтін норма күшіне енді. Осыған орай, әйелдердің зейнеткерлік жасын арттыру 2018 жылдан бастап 2027 жыл аралығында, яғни 10 жыл ішінде 6 ай сайын жүзеге асырылатын болады, - деді ол.   
Сонымен бірге қолданыстағы заңнамаға сәйкес әйелдер үшін зейнетке ерте шығу мүмкіндігі сақталған:   
  - төтенше және радиация қаупі ең жоғары аймақтарда 1949 жылғы 29 тамыз – 1963 жылғы 5 шілде аралығындағы кезеңде кемінде 5 жыл тұрған азаматтардың «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» ҚР Заңына сәйкес әйелдерге – 45 жасқа толғанда жасына байланысты зейнетақы төлемдері тағайындау;
- 5 және одан көп бала туған (асырап алған) және оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдердің 53 жасқа толғанда жасына байланысты зейнетақы төлемдерін алуға құқығы бар. 
Жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін өтініш беруші беретін құжаттар тізімі: 
  1) Жеке тұлғаға төленген және міндетті зейнетақы жарналары табысынан жүзеге асырылған табыс сомалары туралы анықтама, ал жеке кәсіпкерлер, жеке практикамен айналысатын адамдар, сондай-ақ нысанасы жұмысты орындау болып табылатын, Заңның 24-бабының 2-тармағының 5-тармақшасында көзделген жағдайларды қоспағанда, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша кіріс алатын жеке тұлғалар үшін – мемлекеттік кірістер органы берген табысы туралы құжат болған кезде. 
Ұйым таратылған жағдайда табысы туралы мәліметтер көрсетілген архивтік анықтама немесе мемлекеттік архивтің немесе ведомстволық архивтің уәкілетті қызметкерінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған архивтік құжаттың электрондық көшірмесі ұсынылады. Орташа айлық табыс туралы архивтік құжатты беру мүмкіндігі болмаған жағдайда, орташа айлық табыстың мөлшері жинақтаушы зейнетақы қорларына немесе бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті зейнетақы жарналары жүзеге асырылған табысқа сәйкес белгіленеді, - деді министрлік өз жауабында. 
Сондай-ақ «Байқоңыр» кешенінің ресейлік ұйымдарында жұмыс істеген адамдар Ресей Федерациясының валютасымен төленген табысы туралы жұмыс берушінің анықтамасын ұсынады.   
Жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындауға жүгінген күнге Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының шетел валюталарына ресми бағамы туралы мәліметтерді Мемлекеттік корпорацияның бөлімшесі Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсынан алады.   
  2) өтініш берушінің еңбек өтілін растайтын құжаттар: 
  - еңбек кітапшасы;
- еңбек кітапшасы жоқ немесе жарамсыз болса, еңбек кітапшасында тиісті жазбалар, нақтылық болмаса, түзетулер және оқылуында әртүрлілік болса архив мекемелерінен немесе жұмыс орнынан анықтамалар, мемлекеттік архивтің немесе ведомстволық архивтің уәкілетті қызметкерінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған архивтік құжаттың электрондық көшірмелері немесе жұмыс орнынан анықтамалар.
- білімі туралы құжат;
- әскери билет немесе қорғаныс істері жөніндегі басқарманың (бөлімнің) анықтамасы;
- балалардың туу туралы куәліктері (азаматтық хал актілерін жазу органдары берген туу туралы актілік жазбадан үзінді көшірме немесе азаматтық хал актілерін тіркеу туралы анықтама);
- «Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабына сәйкес прокуратура органдары берген ақталуы туралы анықтама;
- әскери ұрыс қимылдарына қатысқаны туралы әскери комиссариаттың анықтамасы;
- бірінші топтағы мүгедекке, екінші топтағы жалғызілікті мүгедекке және бөгде адамның көмегіне мұқтаж жасына байланысты зейнеткерге, сексен жасқа толған қарттарға, он алты жасқа дейінгі мүгедек балаға күтімді жүзеге асыру фактісін және кезеңін растайтын соттың шешімі;
- Кеңес Одағы аумағында орналасқан мекемелердің, Қазақстан Республикасы мекемелердің, халықаралық ұйымның қызметкері жұбайы (зайыбы) шетелде тұрғанын растайтын құжат;
- әскери қызметшінің, арнаулы мемлекеттік орган қызметкерінің жұбайының (зайыбының) мамандығы бойынша жұмысқа орналасу мүмкіндігі болмаған жерлерде тұрғанын растайтын құжат;
- Қазақстан Республикасына тарихи отанында тұрақты тұру мақсатында келген этникалық қазақтардың шығу мемлекетіндегі еңбек қызметін растайтын құжат ұсынылады. 
  Жұмыс істемейтін ананың жас балаларды бағып-күткен уақытын растау үшін мына құжаттар ұсынылады: 
-         балалардың жеке басын куәландыратын құжат; 
-         балалардың (тегін өзгерткен кезде) неке туралы куәлігі (азаматтық хал актілерін тіркеу туралы анықтама) не некені бұзу туралы куәлігі немесе неке қию туралы актілік жазбадан үзінді көшірме;
-         балалардың орта оқу орнын бітіргені туралы аттестат;
-         орта-кәсіптік немесе жоғары оқу орнын бітіргені туралы диплом не балалардың оқығанын растайтын оқу орнының анықтамасы;
-         балалардың қайтыс болғаны туралы куәлік (не азаматтық хал актілерін жазу органдары берген қайтыс болғаны туралы актілік жазба немесе азаматтық хал актілерін тіркеу туралы анықтама);
-  балалардың әскери қызметті өткергенін растайтын құжат; 
  3) неке туралы куәлік (азаматтық хал актілерін тіркеу туралы анықтама) не некені бұзу туралы куәлік немесе неке қию туралы актілік жазбадан үзінді көшірме (тегін өзгерткен кезде). 
baq.kz
29 қыркүйек 2020 ж. 476 0