Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Әмиянға салуға болмайтын 7 зат

Әмиянға салуға болмайтын 7 зат

Күнделікті қажет дүниелердің біршамасын әмиянға салып жүреміз. Онда тек ақша ғана емес, банк карталары, құжаттар, визиткалар, т.б. қажетті заттарды сақтаймыз.
Әмиянға салуға болмайтын заттар бар. Жоғалтқанда немесе ұрлатып алғанда бәрінен бір-ақ сәтте айырылып қаларымыз анық. Сондықтан да біз айтқалы жатқан заттарды салып жүруден аулақ болыңыз.

• Банк карталары мен құпиясөздері
Қажетті банк карталарын әмиянға салып жүрген ыңғайлы-ақ. Бірақ ұмытып қаламын немесе жоғалтып аламын деп карталардың құпиясөздерін салып жүрмегеніңіз жөн. Себебі жоғалтқан, не ұрлатқан жағдайда картаңыздағы ақшаңыздан да айырылып қалуыңыз мүмкін.

Барлық банк карталарын салып жүрмеңіз. Үйде бір банк картасын қалдырғаныңыз жөн. Жоғалған жағдайда өзге банк карталарындағы ақшаларды онлайн банкинг арқылы үйдегі картаңызға аударып аласыз. Қолды болған әмияндағы карталарды көп уақыт өтпей банк бөлімшесіне хабарласып, бұғаттап тастау қажет.

• Қажетті сайт құпиясөздері
Күнделікті кіретін сайттардың құпиясөздерін де ұмытып қалуымыз мүмкін. Ол үшін ұялы телефонға немесе бір жапырақ қағазға жазып әмиянға сақтап қоятын жандар баршылық. Бұл - дұрыс жоспар емес. Себебі құпиясөзді қолға түсірген адам сізге қажетті сайттарға кіріп, әлеуметтік желіде сіздің атыңызбен отырып, достарыңыздан, таныстарыңыздан ақша сұрауы мүмкін. Тіпті электронды әмияныңыздан қаржы жымқырмасына кім кепіл?

• Сыйлық карталары
Мереке кезінде сыйлық карталарын сыйға алатын сәттер болады. Оны да жоғалып кетпес үшін әмиянға салып жүреміз. Ал әмиянды жоғалтып алсақ, бұл карталарды қайта қалпына келтіру мүмкін емес.

Сыйлық карталарын тезірек әжетіңізге жаратқаныңыз абзал. Жоғалтып алудан бұрын уақыты өтіп кетуі де мүмкін.

• Қомақты қаржы
Әмиянда қомақты қаржыны сақтауға болмайды. Бүкіл айлықты ала сала қалтаңызға салып жүрмеңіз. Жоғалтсаңыз біраз шығынға ұшырайсыз. Ең дұрысы өзіңізге қажет болатын аз қаржыны ғана салып жүріңіз. Аса қажет жағдайда картадан шығарып алуға болатынын назарда ұстағайсыз.

Қомақты қаржыны алып жүрмеудің тағы бір себебі - өзгенің ниеті бұзылуы мүмкін. Әмияныңызда көп ақша барын байқаған кейбіреу қастандық жасамасына кім кепіл?

• Құжаттар
Әмиянға барлық қажетті құжаттарды салып жүретініміз де жасырын емес. Барлық құжаттарды салып жүруге болмайды. Бүгін қажет болады-ау дегенін ғана ала жүрген абзал. Әмиянмен қоса барлығын бірдей жоғалтсаңыз, бір күнде бар құжатыңыздан айырыласыз. Оларды қайта қалпына келтіру үшін айтарлықтай уақыт жұмсауға тура келеді.

• Үйдің кілті
Әмиянға үйдің қосымша кілтін салып та жүрмеңіз. Ол кілт ұрылардың қолына түссе, сіздің қайда тұратыныңызды анықтап, үйіңізді тонауы мүмкін. Әмиянмен қоса кілтті жоғалтқан жағдайда құлпыңызды ауыстыруға кеңес береміз. Сақтықта қорлық жоқ.

• Касса чектері
Бұл енді деннің саулығына қатысты. Әдетте супермаркеттен сауда жасап, берген чекті әмиянға тоғыта саламыз. Ал сол термоқағаздағы жазу үшін "А" биосфенолы қолданылады. Ал бұл "А" биосфенолы уытты заттар қатарына жатады.

Жуырда Гранада университетінің (Испания) зерттеушілері касса чектерінен абай болуға шақырды. Әмиянда сақтау мен қолда көбірек ұстау адам денсаулығына аса зиянды екен. Себебі ондағы "А" биосфенолы қатерлі ісік аурулары, қант диабеті және жүрек-қан тамырлары ауруларына шалдықтыруы мүмкін.

Әмияныңызда не бар? Бір қарап қойыңыз.
massaget.kz
26 қазан 2020 ж. 365 0