Жаңашылдық болмысына жол
Бүгінде әлемді жайлаған COVID-19 пандемиясы елімізді де өз құрсауына алды. Төтенше жағдай кезеңінде экономикалық және әлеуметтік өмірде орын алған түйткілді мәселелерді жаңаша пайымдау, уақыт талабына сай қайта бейімдеу қажеттілігі айқын көрініп отыр. Әлемнің даму векторы бұлыңғыр күйінде. Осы ретте, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясы 75-сессиясының жалпысаяси дебаттарында сөйлеген сөзінде «Бүгінде бүкіл әлем аумалы-төкпелі оқиғалардың жаңа толқынының алдында тұр. Оның салдары өте ауыр болуы мүмкін. Өзара сенімнің жетіспеуі, халықаралық бәсекелестіктегі түсініспеушілік, сауда соғыстары мен санкциялар орнықты дамудың келешегіне нұқсан келтіріп, миллиардтаған адамның жарқын әлемге деген үмітін үзді», – деп бүгінгі күннің үрейін нақты бағамдап берді.Кез келген дағдарыс – дамудың жаңа мүмкіндігі екенін ескерсек, Мемлекет басшысының «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауы көпшіліктің көкейінде жүрген «болашақ дамуымыздың бағдары қандай болмақ» деген сауалдарға толық жауап ұсынған, негізгі бағыттар мен нақты іс-қимылдар көрсетілген құжат болып отыр. Жолдауда қазақстандық қоғамның эволюциялық өзгеру бағыты, коронакризисті еңсеру жолдары, ғаламдық трендтердің ақ-қарасын ажырату мәселелері көтерілген. Сонымен қатар, «Тыңдайтын мемлекет» тұжырымдамасының жалғасы ретінде қоғамның түйткілді мәселелерін шешуге бағытталды. Жалпы, «Тыңдайтын мемлекет» экономика ғылымынан алынған «сервистік мемлекет» қағидасына саяды. Яғни халықтың сұранысы мен мұқтажына деген жауапкершілік дегенді білдіреді. Тұжырымдаманы жүзеге асыру өткен ғасырдың 90-жылдары Ұлыбританияда басталып, әлемнің озық елдерінде тәжірибеге алынды. Бұл бағыттағы жұмыстар еліміздің қоғамдық-саяси өміріне де барынша кеңінен енгізілуде.