Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мемлекет басшысы Германияға барды

Мемлекет басшысы Германияға барды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік жөніндегі 56-шы Мюнхен конференциясына қатысу үшін Мюнхен қаласына (Германия) 2 күндік жұмыс сапарымен барды.

Қазақстан президенті Мюнхен қауіпсіздік конференциясы аясында өтетін панельдік пікірталасқа қатысады және әлемдік көшбасшылармен, халықаралық ұйымдардың, Германияның ірі компанияларының жетекшілерімен, сондай-ақ, халықаралық қатынастар саласындағы беделді сарапшылармен бірқатар екіжақты кездесулер өткізеді деп жоспарлануда.Конференцияда Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтық қауіпсіздік мәселелеріне қатысты пікірталасқа қатысып, "Географиялық орналасудың маңызы: Орталық Азия туралы әңгіме" тақырыбында сөз сөйлейді.
Мюнхенде өтетін іс-шараға қатысу үшін 40-қа жуық мемлекеттің басшылары, 100-ден астам сыртқы саяси және қорғаныс ведомстволарының жетекшілері, халықаралық қатынастар саласындағы беделді сарапшылар барады.
Қауіпсіздік жөніндегі 56-шы Мюнхен конференциясының күн тәртібінде әлемдік дамудың және жаһандық қауіпсіздіктің өзекті мәселелері қарастырылады. Конференцияға қатысушылар сауда соғыстары мен санкциялар проблемаларын, Таяу Шығыстағы ахуалды, Еуропалық одақпен, АҚШ-пен, Ресеймен, Қытаймен және басқа да елдермен арадағы өзара қатынастарды, Еуропадағы қауіпсіздіктің сын-қатерлерін, Еуропалық одақ пен НАТО-ның келешегін, сондай-ақ, киберқауіпсіздік пен денсаулық сақтау салаларындағы қазіргі заманның қауіп-қатерлерін, жалған ақпаратпен күрес және басқа да мәселелерді талқылайды.
14 ақпан 2020 ж. 931 0