Тоқаев БҰҰ Бас хатшысының саяси мәселелер жөніндегі көмекшісмен кездесті

Тараптар өңірлік жобаларды жүзеге асырудың перспективаларын, сондай-ақ, қазақстандықтардың БҰҰ аясындағы бітімгерлік миссиясына атсалысу мәселелерін талқылады. "Біз өңірлік ынтымақтастық мәселелеріндегі Қазақстанның белсенді ұстанымын жоғары бағалаймыз. Сіздердің елдеріңіздің іске асырып жатқан Орнықты даму мақсаттарына қолдау көрсету біз үшін маңызды. Президент мырза, Алматыда Біріккен Ұлттар Ұйымының жаңа ғимараты ашылғаны үшін Сіздерге алғыс білдіреміз", - деді Мирослав Енча. Сондай-ақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропа Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымы Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының бақылаушылары миссиясының басшысы Уршула Гацекті қабылдады. Әңгімелесу барысында Қазақстандағы кезектен тыс өткізілетін президент сайлауына қатысты Еуропа Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымы Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының миссиясы жүргізетін мониторинг мәселелері талқыланды.
Мемлекет басшысы алдағы сайлаудың заңнамаға сәйкес ашық және әділ өтетінін атап өтті. Уршула Гацек Қасым-Жомарт Тоқаевқа кездескені үшін алғыс айтып, халықаралық бақылаушылар қызметінің басталғаны жөнінде мәлімдеді. Сонымен қатар, Еуропа Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымы Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы миссиясының өкілдері сайлау үдерісіне мониторинг жүргізуге кіріскенін және Қазақстанның барлық өңірлерінде белсенді жұмыс істеп жатқанын айтты.