Сөздің салмағы
Жалпы, сөз және сөйлей білу – Жаратушының құлға берген үлкен нығметтерінің бірі. Құран кәрімде Алла Тағала: «(Ол сондай) Ар-Рахман, оған (адамға) сөйлеуді үйретті», – дейді. Осы аят жаратылыстың ішінде басқаларынан көптеген нәрседе артық болуының үлкен көріністерінің бірі – сөйлу екенін аңғартады. Абай атамыздың «Қисынымен қызықты болмаса сөз, Неге айтсын Пайғамбар мен оны Алласы» деген өлең жолдарына мән берсек, жоғарыдағы аяттың мағынасы ашыла түсетіндей көрінеді. Демек, сөз бен сөйлеудің қадірі шүкірлікке мұқтаж болмақ.
Алайда, әр нәрсенің екі ұшы болатындай, сөдің де пайдасы мен зияны жетерлік. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с) сахабаларына айтқан бір өсиетінде: «Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірген болса, жақсы сөз сөйлесін, әйтпесе үндемесін», – деген екен. Бұл жерде сөз бен иманның байланысы байқалып тұр. Жақсы сөз иманды адамның аузынан шығатыны осы хадистен бастау алып тұрғандай. Қазақта «тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады» дейді. Расында, көптеген келеңсіздіктің басы орынсыз айтылған сөзден екенін өмірде де көріп жүрміз. Талай адам кезінде көркем қарым-қатынаста бола тұра бір сөздің себебінен жылдар бойы бет көрсетпестей араздасып жауласуда. Бұл қарым-қатынас барысында абайлықты талап етері сөзсіз. Бір даналықта: «Сөз – іштен шықпай сенің тұтқының, шыққаннан кейін сен оның тұтқыны боласың», – дейді. Бүгінде қаншалаған адамдар кезінде айқтан сөзінің салдарынан баз кешуде. Ал, ақылмен айтылған көркем сөз талайдың тағдырына өзгеріс әкелуіне себеп болған.
Бірде бір қарт ұстаз бәйбішесімен көшеде келе жатса, өздеріне қадала қараған жігітке көздері түседі. Танымағаннан қобалжи бастап еді, ентелей жүгірген жігіт ақсақалды құшақтай алады. Әрекетіне таң қалған қария: «Сен кімсің?» – дейді. Жігіт: «Ата, осыдан бірнеше жыл бұрын мен оқыған мектептің сыныбына кіріп, маған жымия қарап: «Алла жазса сен дәрігер боласың», – деп, басымнан сипаған едіңіз. Мен ол кезде үшінші сыныптың оқушысы едім. Сол сәттен бастап өзіме дәрігер болуды мақсат қылдым. Сөйтіп, мектеп қабырғасын тәмәмдаған соң медакадемияға түсіп, оны бітіріп, қазір қалалық ауруханада науқастарды емдеп, адамдардың алғысын алып жатырмын», – деген екен.
Әрине, бұндай оқиғалар өмірде жетерлік. Демек, жақсы сөз айтудың маңыздылығы қашанда зор. Ал, сөз біткеннің ең салмақтысы – Алланың сөзі Құран болмақ. Құранда «Муззаммил» сүресінде: «Ақиқатында саған салмақты сөзді түсіреміз», – делінген. Мәні мен маңызы тереңде жатқан адамзатты екі дүниеде де бақытқа апаратын сол салмақты сөздің қадіріне жетіп, өмірімізге жолбасшы етуді баршамызға нәсіп етсін!
Қанат Қыдырмин
«Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы
muslim.kz