Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Әскери-техникалық мектептің түлектері ант қабылдады

Әскери-техникалық мектептің түлектері ант қабылдады

Қызылорда қаласындағы «Әскери-техникалық мектеп» филиалының 14 сарбазы санитарлық-эпидемиологиялық талаптар мен нормаларды сақтай отырып әскери ант қабылдады.
Бір айдан аса уақыт бойы әскери мектепте сарбаздар тиісті даярлықтардан өтті. Атап айтқанда, қарудан оқ ату мен тактикалық дайындықтарды меңгеру. Сонымен қатар, аз уақыт ішінде әскери тәртіппен танысып, түрлі әскери теориялық сабақтарды оқып, білгендерін іс-тәжірибеде қолдана білді. Сарбаздардың жүзінен қуаныш сезімдерін байқауға болады.
«Әскери ант дегеніміз – ер азаматтың өмірінде бір-ақ рет болатын нәрсе. Қызылорда қаласының әскери-техникалық мектебінің сарбазы атандым. Сондықтан ерекше сезімде тұрмын. Осы мектепте оқыған уақыт аралықта біраз сабақтар өткізілді. Оқу-жаттығу алаңдарында болып, әскери шеберлікті меңгеріп шықтық. Жаумен бетпе-бет келгенде, қарусыз және қоршауда қалған жағдайдағы неше түрлі қоян-қолтық жекпе-жек өнерін меңгердік. Осы мектепті бітірген соң әскери қатарында қызмет етемін деген ойдамын», - деп өз ойымен бөлісті әскери-техникалық мектептің түлегі Абай Қалабаев.
Әскери мектеп қысқа мерзім ішінде жас өрендердің қарудан оқ атудан басқа да әскери өмірдің қыр-сырын меңгеруіне мүмкіндік береді. Әскери-техникалық мектепті «атқыш» мамандығы бойынша аяқтағаннан кейін Қарулы Күштерімізге қызмет ететін азаматтардың саны артқан.
Бұл – әскери-техникалық мектепті тәмамдап отырған түлектердің соңы емес. Қызылорда қаласы әскери-техникалық мектебі алдағы уақытта да Отанға адал қызмет ететін мамандарды қабылдайтын болады.
Қызылорда гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы
сержант Мұхит Қонаров
10 қараша 2020 ж. 572 0