Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Техникалар қысқы кезеңге сақадай сай

Техникалар қысқы кезеңге сақадай сай

Қызылорда гарнизоны әскери бөлімінде техникалар мен қару жарақтарды қысқы пайдалану кезеңіне ауыстыру бойынша жұмыстар аяқталды.
Техникалар мен қару жарақтарды қысқы пайдалану кезеңіне ауыстыру ағымдағы жылдың 22 қыркүйек күні санитарлық-эпидемиологиялық талаптар мен нормаларды сақтай отырып және жеке құрамға қауіпсіздік шараларының ережелері, қызмет көрсетудің тәртібі мен қысқы кезеңде техникаларды пайдалану ерекшеліктерін түсіндіру жұмыстарымен басталған болатын. Жоспар бойынша әскери қызметшілермен техникалық жұмыстар басталар алдында әдістемелік- нұсқаулық сабақтары өткізіліп отырды.
Аталған ауысым жұмыстарының басты мақсаты – қысқы уақытта жауынгерлік дайындық сабақтарын тоқтатпай орындау үшін қару–жарақ пен әскери техникаларды дайындау болып табылады.
«Әрбір техника ақаусыз, кез келген ауа-райына дайын болуы керек. Қарулы Күштеріміздегі жоспарға сай өтетін қысқы кезеңге ауыстыру жұмыстарының маңдыздылығы өте зор. Себебі, жұмыс барысында техникалар толықтай тексеріліп, анықталған ақаулары қалпына келтіріледі. Әскери техникаларды жақсы жағдайда ұстау әрбір әскери қызметшінің міндеті деп білемін», – дейді әскери бөлім командирінің материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөніндегі орынбасары, подполковник Рахымжан Ануаров.
Ауа мен отын сүзгілерін, техникалық бұйымдарды, жанар-жағар майлардың жазғы сорттарын қысқы түріне ауыстыру шаралары кезінде негізгі жүк механик-жүргізушілер мен механиктердің, қатысты барлық командирлердің және техникалық қамтамасыз ету жөніндегі орынбасарлардың иығына түседі.
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының техникалық қамтамасыз ету басқармасының офицері майор Қайрат Турушев ауысым жұмыстарының нәтижесін тексеру барысында бөлім жеке құрамының осы уақыт аралығында атқарылған техникалар мен қару жарақтарды қысқы мезгілде пайдалану кезеңіне ауыстыру жұмыстарының жоғары әрі сапалы дәрежеде атқарылғанын айта келе, «өте жақсы» деген баға берді.

Қызылорда гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы
сержант Мұхит Қонаров
02 қараша 2020 ж. 548 0