Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Жағдай күн сайын өзгеріп тұрады». Оқушылар екінші тоқсанда қалай оқиды?

«Жағдай күн сайын өзгеріп тұрады». Оқушылар екінші тоқсанда қалай оқиды?

Қазақстанның білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов оқушылар үшін екінші тоқсан қандай форматта өтетінін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
«Екінші тоқсандағы оқыту форматына қатысты шешімді нақты өңірдегі және елдегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуалды ескеріп, денсаулық сақтау министрлігі қабылдайды. Білім ұйымдары туралы айтар болсақ, мектеп немесе жоғары оқу орны болсын, біз, жалпы, кез келген форматқа дайынбыз», – деді ол онлайн брифингте.
Дәуленов «қызыл» немесе «сары» өңірлерде орналасқан білім беру ұйымдарына қатысты шешімді ведомствоаралық комиссия қабылдайтынын мәлімдеді.
«Жағдай күн сайын өзгеріп тұрады. Қазір басқа елдерде не болып жатқанын көріп отырсыз. Мұның бәрі өңірдің ауру ошағына қаншалықты жақын орналасқанын ескере отырып шешіледі және шешім соған байланысты қабылданады. Осыған қатысты шешім жақын арада қабылданып, жұртшылыққа жеткізілетініне сенімдімін», – деді вице-министр.
Қазақстандық оқушылар бірінші тоқсанды аяқтап, 5-14 қараша аралығында күзгі демалысқа шықты.
Білім және ғылым министрлігі екінші тоқсанда мектепке барып оқитын оқушылардың саны артатынын хабарлаған еді.
Оқушылар саны 300-ге жетпейтін қала және ауыл мектептерінің жұмысы дәстүрлі форматқа көшіріледі. Сондай-ақ, ата-аналардың өтінішімен 1-ден 5-сыныпқа дейін, халықаралық мектептерде 7-сыныпқа дейін кезекші сыныптарда оқуға рұқсат етілді.
kyzylorda-news.kz
10 қараша 2020 ж. 531 0