Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Үздік жетекші мектеп» атанды

«Үздік жетекші мектеп» атанды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында білім беру саласындағы реформаларға тоқтала отырып: «Жаңа ахуал білім беру және ғылым жүйесін түбегейлі реформалауды талап етіп отыр. Енді бұл саланың маңызы арта түсетіні анық. Тіпті экономиканың өзі соған тәуелді болмақ. Біз білім мен ғылым саласының болашақтағы рөлін айқын түсінуіміз керек. Мемлекеттік саясатты соған сәйкес жүзеге асырамыз. Білім беру және ғылымды дамытудың 2025 жылғы дейінгі бағдарламасы бойынша жүзеге асырылатын реформаларды қайта зерделеу қажет» деп, білім саласының болашағы мен келер күннен күтетін нәтиже жайлы анық айтқан болатын.

Расында мемлекеттің дамуы үшін білім саласының бәсекеге қабілеттілігі жоғары болуы міндетті. Ол үшін білім сапасын арттыруға негізделген толық зерделенген жобалар мен осы саланы инновацияландыру алғашқы орында болуы заңдылық. Қазіргі заман талабына сай ұстаздардың және білім ордаларының да алатын орны ерекше болмақ. Бұл ретте айта кету керек, білім саласына аудан әкімі де айрықша қолдау танытып келеді. Ескі мектептің еңселі жаңа ғимаратқа көшуіне ықпал жасап, тарихи білім ордасына ұдайы қамқор қолын созды.
Жоғарыда айтқан жаңашыл мектептердің қатарында ауданымыздың да білім ошағы бар. Жуырда ғана «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы, педагогикалық шеберлік орталығының Қызылорда қаласындағы филиалының ұйымдастыруымен ZOOM платформасында Қазақстан Республикасы Оңтүстік өңірлеріндегі жетекші мектептердің «Жаңару жаршысы – 2020» екінші аймақтық форумы өткізілді. Оңтүстік өңірлердегі аймақтардың жетекші мектептерінің кәсіби қоғамдастығы аясында өзара байланысты нығайтып, үздік тәжірибе алмасу және тарату, қашықтан оқыту жағдайында тиімді құралдарды анықтау және мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін сандық білім беру кеңістігіне трансформациялау мақсатында ұйымдастырылған форумға Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарымен қатар Алматы мен Шымкенттің жетекші мектептерінің басшылары, педагогтері, облыстық білім басқармалары мен, облыстық, аудандық және қалалық әдістемелік кабинет меңгерушілері мен әдіскерлері қатысты.
Міне, осы форум жұмысы барысында биыл жарияланған аймағымыздың инновациялық мектептер арасында «Үздік жетекші мектеп – 2020» байқауының қорытындысы бойынша қатысқан 56 мектептің ішінен Н.К.Крупская атындағы №14 мектеп-лицейі топ жарып, бас жүлдені иеленді.
Ғасырдан астам тарихы бар бұл білім ордасына биыл 110 жыл толмақ. Осы жылдар көлемінде әркез жоғарғы деңгейден көрініп, көздеген нәтижеге қол жеткізіп келеді. Аудандағы білім сапасының нәтижелі болуына жергілікті атқарушы биліктің де қолдауы себеп болып отыр. Осыдан екі жыл бұрын 300 орындық жаңа мектеп ғимаратына көшкен Н.К.Крупская атындағы №14 мектеп-лицейінде оқушылардың білім алуына, ұстаздардың жұмыс жасауына толықтай жағдай жасалған. Мектеп директоры Шара Бекеева келешек иелеріне балаған оқушылардың ой-танымын арттыруға жан-жақты жағдай жасаса, оқу-ісі жөніндегі орынбасары Жанна Қонарова шәкірттерге бағыт-бағдар беруде аянып қалған емес. Заманауи технологиялармен жабдықталған білім ошағының жетер жетістігі әлі де алда. Сапалы білім мен саналы тәрбие беру жолында біз – ұстаздар қауымы қашан да жүйелі жұмыс жасай бермек.
Е.Бәтімов,
Н.К.Крупская атындағы 14 мектеп-лицейдің
қазақ тілі мен əдебиеті пəні мұғалімі.
17 қараша 2020 ж. 839 0