Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жат әдеттерден арылу керек /"Тәубе, қылайық, ағайын!" мақаласына пікір/

Жат әдеттерден арылу керек /"Тәубе, қылайық, ағайын!" мақаласына пікір/

   Бала кезімде ата-анамның қызмет бабымен Аралда тұрдық. Қазір Қызылорда қаласының тұрғынымын. 90 жылдық тарихы бар "Толқын" газетінің әрбір нөмірін қалт жібермей оқимын. Аудан жаңалықтарынан құлағдар болып, ел ішіндегі игі істердің мол екендігін біліп, риза болып қаламын.
         "Толқынның" №88 нөміріндегі журналист Иманбай Әйтімовтің "Тәубе қылайық, ағайын!" атты мақаласын оқып, біраз ойға қалдым. Көптің көкейіндегісін дөп басқан автордың айтары нақ, сөзі нық екен. Оқып отырғанда қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековтің "Қоғамның мінін тауып айту керек" деген сөзі есіме оралды. 
         Қазір қандай жаңалықты тыңдасақ та, оқысақ та "жемқорлық" деген жағымсыз сөз ілесе жүреді. Әлі есімде мектеп бітірер жылы сабырлы мінезді әжемнің әлдекімге ренжігенде "Уызында жарымаған неме ғой" деп кейістік білдірген еді. Мән-мағынасын түсінбеген кезім. Сол сөз есіме түскенде, қазіргі жемқорлар шынымен де "уызында жарымай" ашкөзденген жандар шығар деп ойлаймын. Қандай қиын шақтарда да адал еңбекпен, маңдай термен нан тауып, бала-шағаны асырап жеткізген ата-әжелеріміз бір нәрсе жетпей жатқанда да "Жетпес дүние ғой. Кейін бола жатар. Барға - қанағат, шүкір" деп өмір сүрді. Сол әдеттен аттағанымыз - ұлтымызға сын.
         Ал, журналистің "Аш болғасын ұрлады дейін десең, алдында үйір-үйір жылқысы, табын-табын ірі қарасы, тізбек-тізбек түйелері бар ауқаттылар да ұрлықтың қара тізімінде жүр. Ау, ағайын, өзіміздің адал малымыз бұйырса да болмай ма?" дегені көпке ой салып, өзгенің малына көз тікендер жағымсыз әрекеттен арылса деймін.
         Қулық, сұмдық, ұрлықпен мал жиылмас,
         Сұм нәпсің үйір болса, тез тыйылмас.
         Зиян шекпей қалмайсың ондай істен,
         Мал кетер, мазаң кетер, ар бұйырмас, - деген дана Абайдың  өлең жолдарын ұрпағымызға ұран қылып айта жүрейік, ағайын!
Е.Мұратов,
Қызылорда қаласы
17 қараша 2020 ж. 486 0