Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » 2050 жылға қарай Қызылорданың халқы миллионға жетеді

2050 жылға қарай Қызылорданың халқы миллионға жетеді

ХХІ ғасырдың ортасына қарай Қазақстан жастарының үштен екісі қалаларда тұрады және ұлдар саны қыздарға қарағанда сәл жоғары болады. Сарапшылардың мұндай болжамын «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ келтіріп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Еңбек ресурстарын дамыту орталығының демографиялық болжамына сәйкес, 2030 жылға қарай Қазақстанда халық саны 11,8% өседі (2019 жылмен салыстырғанда) және шамамен 20 млн 692 мың адамды құрайды.
«Бұл ретте, шамамен 12,7 млн адам (61,2%) қалалық жердің тұрғындары болады. Ал ауыл тұрғындарының саны 8 млн-нан асады (38,8%).
Сондай-ақ, демографиялық көрсеткіштер серпінінің ағымдағы деңгейін сақтай отырып, 2050 жылға қарай халықтың болжамды саны шамамен 25,4 млн адамды құрайды. Бұл, 2030 жылғы деңгейден 22,7% және 2019 жылғы көрсеткіштен 34,3% артық. Оның ішінде 16,7 млн адам (65,7%) қалаларда, ал 8,7 млн адам (34,3%) ауылдық жерлерде тұратын болады», – делінген Еңбек ресурстарын дамыту орталығының ақпаратында.
«2030 жылға қарай халықтың 27,4%, ал 2050 жылға қарай 36% астамы республикалық маңызы бар Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында тұратын болады. Біздің болжамымыз бойынша, өңірлерге келетін болсақ, 10 жылдан кейін Алматы және Түркістан облыстарында 2 млн адамнан тұрады. Ал Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Жамбыл облыстарында 1 млн-нан астам тұрғын болады. 2050 жылға қарай Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау және Қызылорда облыстары да миллион тұрғыны бар өңірлерге айналады», – деп бөлісті ЕРДО Болжамдау департаментінің директоры Дмитрий Шумеков.
Сондай-ақ, халықтың орташа жасы да артатыны атап өтілген. 2019 жылы орташа жас 31,4 жасты құраса (ерлер үшін 29,7 жас, әйелдер үшін 32,9 жас), 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 32,7 жасты (ерлер үшін 30,9 жасты және әйелдер үшін 34,4 жасты) құрайтын болады, ал 2050 жылға қарай орташа жас 32,4 жасқа (ерлер үшін – 30,8 жас және әйелдер үшін – 34,1 жас) теңеледі.
«Өлім-жітімді, тууды және көші-қонды өткен жылдар деңгейінде сақтай отырып, 2030 жылға қарай 14-29 жас аралығындағы жастар саны өткен жылмен салыстырғанда 26% өседі және 4,4 млн адамды құрайды деп болжап отырмыз. Ал 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш шамамен 5,1 млн-ды құрайды», – деп атап өтті сарапшы.
Болжамдарға сәйкес, Түркістан облысы 2030 жылы жас тұрғындар бойынша көшбасшы болады: аталған уақытқа қарай осы өңірдегі жастардың саны 516 мың адамды құрайды да, үлесі 24,3% дейін өседі. Алматы облысы ұлдар мен қыздардың 488 мың көрсеткішімен – екінші орынды, ал Алматы қаласы жастардың 479 мың көрсеткішімен үшінші орында болады.
Сонымен бірге, сарапшылар 21 ғасырдың ортасына қарай Қазақстан жастарының үштен екісі қалаларда тұрады және ұлдар саны қыздар санынан сәл асады деп санайды.
kyzylorda-news.kz
19 қараша 2020 ж. 391 0