Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ХХІІ ғасырда жер бетіндегі адамдар саны қанша болады?

ХХІІ ғасырда жер бетіндегі адамдар саны қанша болады?

Жыл сайын дүние жүзі халқының саны артып келе жатқаны және оның үлкен мәселе болуы мүмкін деген тақырыпта бірнеше мақала жарыққа шығып, зерттеулер жүргізіледі. Арнайы мамандар әлемдегі халық саны 2100 жылға таман қалай өзгеретініне болжам жасады. The Lancet басылымы жүргізген зерттеу жұмысының нәтижесі бойынша халық саны ғасыр соңында керісінше кемиді.
   Ғылыми жұмыста 195 мемлекеттің халық санын, туу және өлім-жітім көрсеткішін назарға алған. Болжам бойынша ғасыр аяғына қарай 183 мемлекеттің туу көрсеткіші азаятыны соншалықты, халық санын тек мигранттар арқылы сақтап қалады.  
Дүние жүзі халқының саны өзінің шегіне 2064 жылы жетеді. Ол уақытта адам саны шамамен 9,6 миллиард болады, кейін көрсеткіш төмендейді. XXI ғасыр аяғына таман ғаламшарда 8,8 миллиард адам өмір сүреді. Бұл осы уақытқа дейін жасалған болжамдағы (БҰҰ мамандары) көрсеткіштерден шамамен 2 миллиардқа аз. 23 мемлекет, соның ішінде Жапония, Испания, Италия, Оңтүстік Корея, Португалия, Таиландтың халық саны 50%-ға қысқарады.
Ғалымдар халықтың жас көрсеткіші де үлкен мәселеге бастау болатынын ескертті. Мысалы, 2100 жылы 2,37 миллиард адамның жасы 65-тен жоғары болса, небәрі 1,7 миллиард адам ғана 20 жасқа дейінгі жасөспірім болмақ. Ал, Үндістан мен Қытайда алдағы онжылдықта еңбекке жарамды адамдардың саны күрт төмендейді. Бұл екі мемлекеттің экономикалық жағдайына әсер етеді.
Халық санын сақтап қалу үшін туу көрсеткіші 2,1-ден кем болмауы керек. Ал болжам бойынша 2017 жылы 2,37 коэффициенті 2100 жылы 1,66-ға төмендейді.
Соның ішінде туу көрсеткішінің күрт төмендеуі қазір өсімі жоғары елдерде байқалатын болады: Африкадағы Сахарадан оңтүстікке қарай. Аталған аймақта туу көрсеткіші 4,6-дан 1,7-ге түседі. Соған қарамастан, халық саны ғасыр аяғына таман медицина дамуының нәтижесінде тұрақталады. Тек Солтүстік Африка мен Таяу Шығыс мемлекеттері ғана 2100 жылға дейін қарқынды өседі.  
Зерттелген мемлекеттер арасында Қазақстан да бар. 2017 жылы халық саны шамамен 18 миллионға жетсе, 2100 жылы санақ нәтижесі 30,28 миллионды көрсетеді. Егер туу көрсеткіші азайса, бұл көрсеткіш 23 миллион болуы мүмкін. Сонымен қатар, туу коэффициенті 2,39-дан 1,97-ге кемиді.
Ғылыми жұмыстың авторлары алдағы онжылдықта көптеген мемлекет еңбекке қабілетті жастардың азаюы мен зейнеткерлердің көбеюінен туындайтын мәселемен бетпе-бет келетінін айтады. 2018 жылы адамзат тарихында алғаш рет 65-тен жоғары қарттар саны бес жасар балалар санынан асып түскен. БҰҰ дерегі бойынша қазір ғаламшарда 705 миллион қарт болса, 5 жасқа дейінгі балалар саны – 650 миллион. 2050 жылы бұл айырмашылық 50%-ға жетуі мүмкін.
massaget.kz


17 шілде 2020 ж. 1 082 0