Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚызПУ-да педагогтардың біліктілігін арттыратын жоба қолға алынды

ҚызПУ-да педагогтардың біліктілігін арттыратын жоба қолға алынды

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің бастамасымен еліміздегі мектеп, колледж және жоғары оқу орындарының педагогтары мен білім алушыларына әдістемелік тұрғыдан қолдау көрсететін арнайы жоба бастау алды.«Шара шеңберінде еліміздегі мұғалім мамандарын даярлайтын жетекші жоғары оқу орнының профессорлары мен білім беру саласындағы білікті мамандар түрлі тақырып аясында әдістемелік семинарлар мен тренингтер сериясын өткізеді», – деп атап өтті университеттің баспасөз қызметінің жетекшісі Жандар Асан.
Жоба аясында «Үздіксіз практиканы ұйымдастыруда қашықтан оқыту мәселелері және оны шешу жолдары» тақырыбында вебинар-тренинг ұйымдастырылды. Онлайн режімде өткен шараға еліміздің 10-ға жуық жоғары оқу орнының 300-ден астам профессор-оқытушылары мен студенттері қатысып, тақырып төңірегінде білімдерін жетілдіруге мүмкіндік алды.
Тренинг спикерлері ретінде Қыздар университетінің Мектепке дейінгі және бастауыш білім кафедрасының профессоры міндетін атқарушы Ақгүл Жұбандықова «Қашықтан оқыту жағдайында цифрлық білім берудің тиімділігі», педагогика ғылымдарының кандидаты Роза Набуова «Шектеу жағдайында критериалды бағалау жүйесін қолдану мәселелері», Педагогика және психология жоғары мектебі деканының орынбасары Әділет Кариев «Қашықтан оқыту жағдайында оқушыға психологиялық қолдау көрсету жолдары», Алматы қаласындағы А. Байтұрсынов атындағы №139 мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі Айым Балтабекова «Критериалды бағалау жүйесін қолдану тәжірибесі» тақырыптары төңірегінде тәжірибелерімен бөлісті.
Сондай-ақ жиында Қыздар университетінің «Бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» мамандығының студенті Айжан Ақылбаева «Идеал» стратегиясы бойынша кері байланыс аясында қашықтан оқыту жағдайында үздіксіз практика тәжірибелерімен бөлісе отырып, оның оңтайлы шешу жолдарын әңгімеледі. Вебинар барысында «quizizz» тесті де алынды.
Тренингке қатысқан Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті, І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті, Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті, Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының ұжымы мен білім алушылары білікті маман даярлауға зор серпін беретін осы тақілеттес жиынды ұйымдастырғаны үшін Қыздар университетіне алғыс білдіріп, ризашылығын жеткізді.
Айта кетейік, әдістемелік семинарлар мен тренингтер сериясы алдағы уақытта да өз жалғасын таба бермек.
egemen.kz

20 қараша 2020 ж. 662 0