Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордада жас педагог-ғалымдардың тұңғыш республикалық слеті онлайн өтуде

Қызылордада жас педагог-ғалымдардың тұңғыш республикалық слеті онлайн өтуде

kyzylorda-news.kz Қызылордада «Болашақ» университетінің ұйымдастыруымен «Білім берудің цифрлық трансформациясы: болашаққа бағдар» атты Қазақстан жас педагог-ғалымдарының ІІІ республикалық онлайн-слеті өтуде.
Қазақстан жас педагог-ғалымдарының ІІІ республикалық онлайн Слетының мақсаты – төтенше жағдай кезінде білім беру саласындағы ақпараттық технологиялардың рөлін айқындау арқылы оларды пайдаланудың мәселелері мен перспективалық жоспарларын талқылау болып табылады.
Аталған шара Президент Қ. Тоқаевтың және ҚР БҒМ министрі А. Аймағамбетовтың пандемия жағдайындағы білім-ғылымдағы онлайн және қашықтықтан оқыту әдістері мен инновациялық бағыттарын жастар арасында дәріптеу мен зерттеу жұмыстарын жүзеге асыруға бағытталған.
«Білім берудің цифрлық трансформациясы: болашаққа бағдар» атты Қазақстан жас педагог-ғалымдарының ІІІ Республикалық онлайн-слетінің негізгі міндеттері мыналар:
– Білім берудің цифрлық трансформация жағдайындағы мәселелері мен перспективалық жоспарларын талқылау;
– білім және ғылым саласындағы жаңа идеяларды дамытуға бағытталған пікірталас алаңын қалыптастыру;
– жас ғалымдар мен оқытушылардың шеберлік сыныптарын өткізу арқылы тәжірибе алмасуына жағдай жасау;
– білім беруді модернизациялаудағы жастардың үлесін көрсету арқылы жас педагог-ғалымның заманауи моделін таныту;
– Smart-city концепциялары аясында білім мен ғылымның рөлін, өзекті мәселелі және даму мүмкіндіктерін анықтау;
– креативті жас ғалымдардың зерттеулерін қолдау және ынталандыру;
– кризистік және карантиннен кейінгі мамандар даярлаудағы жаңа және инновациялық білім беру бағдарламаларының бағыттарын талдау;
– Қашықтан оқыту жағдайындағы альтернативті оқыту технологиялары мен әдістері бойынша Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне қарар мен ұсыныстар әзірлеу.
Бүгінгі слетке Ресей Федерациясы, Турция республикасындағы тағылымдамашылар, Өзбекстан Республикасы мен еліміздегі барлық жас педагог-ғалымдар қауымдастығының мүшелері, Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігі жанындағы Жас ғалымдар кеңесі мүшелері, Қызылорда облысы цифрлық технологиялар басқармасының «Ақпараттық технологиялар орталығы», Назарбаев зияткерлік мектебі мен еліміздің орта арнаулы және жоғары оқу орындарының жас ғалымдары қатысуда.
Слет аясында пленарлық жиналыс, «Білім беруді цифрландыру: психологиялық тәуекелдер және мүмкіндіктер» және «Білім берудің цифрлық трансформациясы жағдайында оқытудың инновациялық әдістері» бағытындағы секциялық жұмыстар, Қазақстандық жоғары оқу орындары студенттері арасында «Қашықтан оқыту: артықшылығы мен кемшіліктері» тақырыбында пікір-сайыс жарысы, онлайн концерттік бағдарлама, Қазақстан жас ғалым-педагогтары Қауымдастығының панелдік сессиясы өтуде.
Слетке Қазақстанның 30-ға жуық жоғары оқу орындарынан 300-ге жуық ғалым қатысуда.
Слет соңында, жиын қорытындысы, пікір-сайыс жеңімпаздарын, слетке қатысушыларға арналған сертификат, алғыс хаттар онлайн режимде беріліп, барлығы электрондық түрде жолданады.
Айта кетейік, слет екі күнге созылып, 30 сәуірде аяқталады.
29 сәуір 2020 ж. 725 0