Премьер-Министр рұқсатсыз қоқыс төгілетін жерлердің бәрін жабуды тапсырды

Премьер-министрдің айтуынша, бүгінде өңірлерде қатты тұрмыстық қалдық орналастырылатын 3,5 мың объекті жұмыс істейді. Оның ішінде тек 620-сы ғана талапқа сай келеді.
«Экология министрлігіне өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, рұқсатсыз қоқыс төгілген жерлердің бәрін жабу жөнінде пәрменді шаралар қабылдауды және ресурсы сарқылған полигондарды жауып, қайта қопсыту жұмыстарын жүргізуді тапсырамын», – деді Мамин үкімет отырысында.
Бұдан бөлек, өңірлердің экологиясын жақсарту үшін 2025 жылға дейін орман аумағын 500 мың гектарға ұлғайтып, 2 миллиардтан астам ағаш отырғызу жоспарланған.
Үкімет басшысы республиканың 6 қаласында қоқыс өңдейтін зауыттар салынатынын атап өтті. Айтуынша, бұл кемінде 200 миллиард теңге жеке инвестиция тартуға және қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу үлесін 30 процентке дейін жеткізуге мүмкіндік береді.
kyzylorda-news.kz