Премьер-министр кейбір мамандық бойынша білім гранттарын көбейтуді тапсырды

Премьер-министрдің айтуынша, биылғы құс тұмауы бақылаушы органдардың жұмысында бірқатар кемшіліктің бар екенін көрсетті. Осы орайда үкімет басшысы ауыл шаруашылығы ұсынған шараларды қолдады."Ауыл шаруашылығы министрлігі білім министрлігімен бірлесіп, салаға қажетті кадрларды даярлауды жетілдіру және түлектердің кеңінен ауылда жұмыс істеу шартымен ветеринариялық және фитосанитариялық қызмет мамандықтарына бөлінетін гранттарды көбейту мәселесін пысықтасын", – деді Мамин үкімет отырысында.
Соның ішінде ветеринариялық және фитосанитариялық қадағалаудың ұлттық жүйесін құру бастамасы да бар. Оған республикалық бюджеттен 3 миллиард теңге бөлінеді. Бұдан бөлек, жергілікті жерде шектеу шаралары шұғыл енгізу тәртібі болады.
"Ауыл шаруашылығы және әділет министрліктері мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, жергілікті атқарушы органдардың карантиндік және шектеу шараларын белгілеу және алып тастау жөніндегі шешімдерін әділет органдарында тіркеу рәсімін жеңілдетсін", – деп атап көрсетті Мамин.