Рауан Мыңбаев: «Дарын» сыйлығы – мен үшін үлкен жауапкершілік
«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегерлері анықталды. Аталған сыйлық ғылыми, шығармашылық, қоғамдық қызметі мен жоғары спорттық жетістіктері үшін беріледі. Биыл мемлекеттік сыйлықты алуға 160-тан астам үміткер құжат тапсырған.
«Жүзден жүйрік мыңнан тұлпар» шыққан үздіктер қатарында жерлесіміз, «Хабар24» телеарнасының тілшісі Рауан Мыңбаев та бар.
«Сыр елінің өнер мен мәдениет және әдебиет саласында талай дарынды тұлға шықты. Ес білгеннен солардың еңбектерін оқып, жақсылықтарын көріп өстік. Соларға барынша ұқсауға тырыстық. Аз да болса жетістікке жетіп жатсақ, сол алдыңғы буынның арқасы деп білемін. Журналистика саласында 2011 жылдан бері еңбек етіп келемін. Шығармашылық жолда маған жақсылық жасаған жандар аз емес. Үлкен сенім артып, ақыл-кеңестерін арнады. Енді олардың үмітін ақтауға тырысамын. «Дарын» сыйлығы – мен үшін үлкен жауапкершілік. Үдеден шығып, үмітті ақтай білсек, бір мақсатымның орындалғаны», – дейді жас журналист «Kyzylorda-news.kz» ақпараттық агенттігінің тілшісіне.
Рауан еңбек жолын «Қазақстан» РТРК» АҚ Қызылорда облыстық филиалының редакторы, редактор-жүргізушісі ретінде бастаған. Жалынды жас аз уақыттың ішінде бір шама белесті бағындырып үлгерді. Журналистика саласында кәсіби біліктілігін арттырып, шет мемлекеттерде білімін жетілдірді. Қабілет-қарымының арқасында Президенттік пульге қабылданып, Мемлекет басшысының жұмыс және ресми сапарларынан маңызды ақпарат таратты.
Бүгінде «Хабар24» телеарнасының тілшісі қызметінде. Еткен еңбек, төккен тері елеусіз қалмай Қазақстан Республикасы Президентінің Бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы грантын иеленіп, Қызылорда облысы әкімінің «Сыр үміті» сыйлығының лауреаты атанды. Сонымен қатар «Хабар» Агенттігі» АҚ Төрағасының құрмет грамотасымен марапатталған.
kyzylorda-news.kz