Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбекке жарамсыз парағы: Бухгалтер төлемақы қалай есептелетінін айтты

Еңбекке жарамсыз парағы: Бухгалтер төлемақы қалай есептелетінін айтты

Қызметкер денсаулығына байланысты жұмысқа шыға алмаса, заң бойынша еңбекке жарамсыз парағын (больничный - ред.) толтыруы керек. Ал бұл парақ жұмыс берушінің қызметкерге белгілі бір мөлшерде төлемақы төлеуін міндеттейді. Еңбекке жарамсыз төлемқысы қалай есептеледі, ол кімдерге төленбеуі мүмкін, бұл төлемақыға байланысты жұрт не білуі керек? Stan.kz тілшісі 10 жылға жуық еңбек өтілі бар бухгалтер маман Жанар Бауыржанқызымен сұхбаттасып, осы сұрақтарға жауап іздеп көрді. 

Маманның айтуынша, Еңбек кодексінің 133-бабына сәйкес жұмыс берушіні өз қаржысы есебінен уақытша еңбекке жарамсыздығы бойынша әлеуметтік жәрдемақыны төлеуге міндеттейді. Ол үшін жұмыскер есептеу бөліміне еңбекке жарамсыздық парағын, оны жоғалтып алған жағдайда  - көшірмесін ұсынуы қажет.
Уақытша еңбекке жарамсыздығы бойынша жәрдемақы қандай жағдайларда төленеді?
Жұмыс беруші өз қаржысы есебінен жұмыскерлерге еңбекке жарамсыздығы бойынша әлеуметтік жәрдемақыны төлеуге міндетті. Еңбекке жарамсыздық бойынша әлеуметтік жәрдемақыларды төлеуге арналған негіз денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен тәртіпте берілген еңбекке жарамсыздық парақтары болып табылады.
Еңбекке жарамсыздық бойынша әлеуметтік жәрдемақылар жұмыскерлерге еңбекке жарамсыздықтың бірінші күнінен еңбек қабілеттілігін қалпына келтіру күніне дейін немесе Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мүгедектікті анықтағанға дейін төленеді.
Қандай жағдайларда жәрдемақы төленбейді?
- Заңды күшіне енген сот үкімімен айыпты екені анықталған жағдайда, олардың қылмыстық құқық бұзушылығын жасауда алынған жарақаттары салдарынан еңбекке жарамсыздық орын алған қызметкерге;
- Соттың анықтауы бойынша мәжбүрлі емдеу кезінде (психикалық науқастардан басқа);
- Жұмыскер заңды күшіне енген сот үкімімен немесе қаулысымен оның айыпты екені белгілі болған жағдайда сот-медициналық сараптамасы кезінде және қамауда  болған кезде;
- Алкоголь, есірткі немесе уытты заттарды пайдалану салдарынан орын алған жарақаттар немесе аурулардан жұмыскердің уақытша еңбекке жарамсыздығында;
- Жыл сайын төленетін еңбек демалысына келген уақытша еңбекке жарамсыздық күндері үшін бұл төлемақы берілмейді. 
Бұдан бөлек уақытша еңбекке жарамсыздығы бойынша жұмысшы білуі керек тағы бір жайттар бар: 
Белігілі бір санаттағы адамдарға еңбекке жарамсыздық парағы  бойынша жәрдемақы басқаша төленеді. 
- Жұмыс істейтін Ұлы Отан соғысының қатысушылары және оларға теңестірілген адамдарға орташа еңбекақының жүз пайызы мөлшерінде еңбекке жарамсыздықтың бірінші күнінен бастап жәрдемақы төленеді.
- Жұмыскердің жұмыста зардап шегуі немесе кәсіби ауруымен байланысты жәрдемақыны жұмыс беруші еңбекке жарамсыздық орын алған бірінші күннен бастап жұмысқа шыққанға дейін және мүгедектікті анықтағанға дейін төлейді.
- Кезекті немесе қосымша демалыста, еңбекақының сақталуынсыз демалыста болатын жұмыскерлерге отбасының уақытша еңбекке жарамсыз мүшелеріне күтім бойынша жәрдемақы берілмейді екен. 
Бухгалтер Жанар Бауыржанқызы жұмысқа кіргенде еңбек келісім шартына қол қоярда аса мұқият болуды ескертеді. 
Уақытша еңбекке жарамсыздығына байланысты төлемақы барлық қызметкерлерге төленуі тиіс. Бірақ жұмыс берушілердің де өз "ұстанымдары" болады. Мәселен, жұмыс беруші кішігірім ұйым болса, олар денсаулығына байланысты төленетін төлемақыны бермеуі де мүмкін. Неге десеңіз, бұл төлемақы туралы еңбек шартында көрсетпейді. Сол үшін еңбек келісімшартына қол қоярда аса мұқият болған дұрыс. Егер келісімшартта бұл төлемақы көрсетілмесе, қызметкер жалақы төленбейтін демалысқа шығады. 
Егер қызметкердің жұмыс уақыты толық болмаса, уақытша еңбекке жарамсыз төлемақысы қалай есептеледі? 
Денсаулығына байланысты уақытша еңбекке жарамсыз төлемақысы 15 АЕК (41 670 теңге)  мөлшерінен аспайды. Жұмыс уақыты толық емес қызметкерлер үшін де осы сомма төленеді. Осы жерде ескере кететін маңызды бір жайт, жұмысшының сырқаты бір айдан асып 2-3 айға созылатын болса, 15 АЕК сол айға да ауысады. Демек, екінші айға да сол төлемақы төленеді. Одан кем, я аз болмайды. 

https://www.youtube.com/watch?v=7GtL7wSMCoo&feature=emb_logo

stan.kz
04 желтоқсан 2020 ж. 2 436 0