Қазақстандықтарға келесі жылы жаппай вакцина егу жоспарланып отыр

Алғашқы кезеңде дәрігерлер, педагогтар, күштік құрылымдар қызметкерлері қамтылады.
Премьер-министр Асқар Мамин президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа коронавирус індетіне қарсы отандық вакцинаның әзірлену барысы туралы баяндады.
Айтуынша, 29 қарашада клиникалық сынақтардың 1 және 2 кезеңі аяқталады. Сондай-ақ, вакцинаның кері әсері анықталған жоқ және оның жоғары тиімділігі тіркелгенін мәлімдеді.
25 желтоқсаннан бастап клиникалық сынақтардың 3-ші кезеңінде аталған вакцина 3 мың еріктіге егіледі. Сынақтар толығымен 2021 жылы наурыздың соңына қарай аяқталады.
Сонымен қатар осы жылдың соңына дейін 2 миллион көлемдегі отандық вакцинаның алғашқы партиясы шығарылады.
«Мемлекет басшысының Ресей президенті Владимир Путинмен жасаған келісіміне сәйкес, осы жылдың 22 желтоқсанынан бастап Қазақстанда ресейлік «Спутник V» вакцинасын өндіру қолға алынады», – делінген ақпаратта.
Қасым-Жомарт Тоқаев Асқар Маминге отандық вакцина өндірісіне қатысты берілген тапсырманы жедел орындағаны үшін алғыс білдірді. Сонымен қатар дәрінің тиімділігіне баса мән беруді және тұрғындарға қолжетімді болуын бақылауда ұстауды тапсырды.
kyzylorda-news.kz